Балабақшамен қамту 93 пайызға жетті
Фото: Оқу-ағарту министрлігі

Балабақшамен қамту 93 пайызға жетті

Қазақстанда балабақша саны артып, 2-6 жас аралығындағы балалардың мектепке дейінгі біліммен қамтылуы 93,1 пайызға жетті, деп хабарлайды Anyqtime.kz.

Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, 2023–2027 жылдарға арналған жоспар аясында биылғы алғашқы жартыжылдықта 13,2 мың орындық 172 мектепке дейінгі ұйым ашылған. Бұл көрсеткіш мемлекеттік тапсырыс, жаңа құрылыс, шағын орталықтар мен ваучерлік қаржыландыру есебінен жүзеге асуда.

Ваучерлік жүйе қазіргі таңда 19 қала мен 7 ауданда енгізілген. Осы арқылы 300 мыңға жуық бала балабақшаға жолдама алды. Балабақша кезегі 44 пайызға қысқарған.

Балабақшаға бара алмайтын бүлдіршіндердің ата-аналары үшін ашылған консультациялық пункттер саны да 5,5 мыңға жетті. Сонымен қатар 260 мемлекеттік балабақшада жөндеу жүргізіліп, материалдық-техникалық база жаңартылуда.

Қазір ел бойынша 11,8 мыңнан астам балабақшада 1 миллионнан астам бала тәрбиеленіп жатыр.