Эндаумент қорлардың қызметі заңмен реттелді
Енді еліміздегі эндаумент қорлар бір заң аясында жұмыс істейтін болды. Бұл өз кезегінде ғылым мен білімге инвестиция тартуға жол ашады, деп хабарлайды Anyqtime.kz.
2025 жылғы 30 маусымда Мемлекет басшысы «Нысаналы капитал қорлары және эндаумент қорлар туралы» Заңға қол қойды. Бұл құжат эндаумент қызметінің құқықтық негізін бекітіп, оның қайырымдылық пен инвестицияны біріктіретін ерекше табиғатын заңдастырды.
Ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Көбенованың айтуынша, эндаумент қорлары ең алдымен университеттерге бағытталады. АҚШ тәжірибесі негізге алынып, үздік модель ретінде таңдалған. 2023 жылы америкалық ЖОО-лардың эндаументінде 839 млрд доллар жиналған. Ал Қазақстандағы 22 қордың әрқайсысы 1 млрд теңгеге де жетпейді. Олар әзірге қарапайым қайырымдылық қорлары деңгейінде жұмыс істеп келеді.
Жаңа заң осы олқылықтың орнын толтыруды көздейді. Эндаумент құрылымының ішінде қамқоршылық кеңес негізгі рөл атқарады. Оның құрамына абыройлы тұлғалар мен ұйым өкілдері енеді. Олар инвестициялық саясаттан бастап, кадрлық мәселелерге дейін шешім қабылдайды.