«Жаныңыз жәннатта болсын»: Тамара Асар марқұм ағасын еске алды
Суретте Тамара Асар мен марқұм Жақсылық Жанғазиев. Фото: instagram.com/tamara_assar_official

«Жаныңыз жәннатта болсын»: Тамара Асар марқұм ағасын еске алды

Эстрада жұлдызы Тамара Асар Instagram парақшасында марқұм ағасы Жақсылық Жанғазиевті сағынышпен еске алып, жүрекжарды жазбасын бөлісті. Әншінің айтуынша, мұнай саласының ардагері, қоғам қайраткері Жақсылық ағасы осыдан қырық күн бұрын өмірден озған, деп хабарлайды Anyqtime.kz ақпараттық агенттігі.

«Адал да, әділетті, жан-жағынан жақсылығын аямаған Жақсылық деген ағам осыдан қырық күн бұрын өмірден өтті», – деп жазады өнер иесі. Ол ағасын дара тұлға, кемеңгер басшы, ақылгөй ағартушы ретінде сипаттап, бала күннен бастап өнердегі жолына жетекшілік еткенін айтады.

«Менің барлық жеке концерттерімнің жүру барысын, ұйымдастыруын, сценарийлерін әуелі осы кісі көреді, рұқсатын беріп, бекіткеннен кейін ғана жұмыс басталатын. Сырттан маған жетекшілік ететін», – дейді әнші.

Асар ағасының өнегесі мен тәрбиесі өмір жолында қандай рөл атқарғанын ерекше атап өтеді:
«Қисық жүрмегенім, жаманға ермегенім, қысқа кимегенім, нәпсіні сүймегінім – бәрі сіздерден көрген өнегем мен тәрбием, аға».

Ол Жақсылық Жанғазиевтің елге сіңірген еңбегін, адами қасиетін тебірене еске алып, артында қалған жары Жұмағайша жеңешесіне бекем болуды тілеп, «Жаныңыз жәннатта болсын Жақсылық АҒА» деп жазбасын аяқтады.