Жарты жылда өндірістен 584 адам жарақат алып, 77-сі қайтыс болды
Фото: Ашық дереккөзі

Жарты жылда өндірістен 584 адам жарақат алып, 77-сі қайтыс болды

Қазақстанда биылғы алты ай ішінде өндірісте болған жазатайым оқиғалардан 584 жұмысшы зардап шегіп, 77 адам қаза тапты. Бұл өткен жылдың екінші жартысымен салыстырғанда 16,6%-ға аз, деп хабарлайды Anyqtime.kz.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, жарақаттану коэффициенті 1000 жұмыскерге шаққанда 0,08-ді құраған. Қауіпті жағдайлар негізінен өндірістік аймақтарда тіркелген: Қарағанды облысында – 61 адам, Алматы қаласында – 51, Шығыс Қазақстанда – 50, Павлодарда – 44, Атырауда – 40, Ақтөбеде – 39 адам зардап шеккен.

Жарақат алудың негізгі себептері: жұмыстың дұрыс ұйымдастырылмауы (34,6%), қызметкердің өзі тарапынан абайсыздық (32,9%), жол ережелерін бұзу (8,6%) және еңбек қауіпсіздігін сақтамау (7,1%).

Құқық қорғау органдарына 439 оқиға бойынша тергеу материалдары жолданып, соның 139-ы бойынша қылмыстық іс қозғалған. Министрлік бұл деректер қауіпсіз еңбек жағдайын жасау – Үкімет пен салалық органның басты міндеті екенін көрсетеді дейді.

Соңғы бес жылда өндірістік жарақат 6,3%-ға азайған. Бұл көрсеткішке қол жеткізуге кәсіпорындардың қауіпсіздік талаптарын күшейтуі әсер еткен. Бүгінде 3262 кәсіпорын қауіпсіз еңбек стандарттарын енгізіп үлгерген. Сонымен бірге, 2019 жылдан бері қолға алынған «Vision Zero – Нөлдік жарақат» тұжырымдамасына 605 кәсіпорын қосылған.

Құрылыс нысандарында еңбек қауіпсіздігін бақылау күшейтіліп жатыр. Бас мердігердің барлық қосалқы мердігерге жауапкершілігін арттыратын модельді 318 кәсіпорын енгізді.

Жұмыс берушілер мен қызметкерлер арасындағы еңбек заңнамасын тиімді сақтауға арналған «Онлайн еңбек консультанты» сервисі де іске қосылған. Оны 42 мыңнан астам жұмыс беруші пайдаланып үлгерді.

Қазір 2024–2030 жылдарға арналған қауіпсіз еңбек тұжырымдамасы жүзеге асырылып жатыр. Оның аясында еңбекті қорғау жүйесін жаңғырту, кәсіби біліктілікті көтеру, экономикалық ынталандыру және бақылау жүйесін жетілдіру бағыттары қамтылған.