Премьер-министр авиацияны дамыту және жүк тасымалы жөнінде жиын өткізді

23 шілде, 2025 / Теңіз Тамшыбаев
Фото: Үкімет

Астанада авиация саласын дамытуға арналған жиында ұлттық жүк авиатасымалдаушы құру барысы пысықталды. Президенттің тапсырмалары аясында атқарылып жатқан жұмыстар талқыланды, деп хабарлайды Anyqtime.kz ақпараттық агенттігі Primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.

2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында қазақстандық әуекомпаниялар 7,2 млн жолаушы тасымалдаған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 6%-ға жоғары. Ішкі бағыттар бойынша аптасына 849 рейс орындалады. Қазір елде 20 ұшу-қону жолағы мен 19 терминал қайта жаңартылған. Түркістанда жаңа әуежай салынды. Жыл соңына дейін флот 16 ұшақпен толықса, 2030 жылға дейін жалпы саны 221-ге жетуі тиіс. 2025 жылы қосымша 36 бағыт ашу жоспарлануда. Авиацияға тартылатын инвестиция көлемі $2,9 млрд шамасында болады.

Премьер-министр Олжас Бектенов Қазақстанның авиациялық хаб ретіндегі рөлін күшейту үшін жүк әуетасымалын дамытудың маңызын атап өтті. Жаңа ұлттық жүк авиакомпаниясы алдымен үш ұшақпен іске қосылады. Алғашқы рейс 2026 жылдың басында ұшады деп жоспарланған. Болашақта флот 11 әуе кемесіне дейін кеңейтіледі. Жобаны «Самұрық-Қазына» қоры жүзеге асырады. Қазір әлемдік жүк тасымалы 57,7 млн тоннаға жеткен, оның 15%-ы Қазақстан аумағы арқылы өтеді.

Бұл бастама Қазақстанның транзиттік әлеуетін күшейтіп, жүк нарығындағы орнын нығайтпақ.

Тэгтер:

Олжас Бектенов авиация жүк тасымалы жүк әуе компаниясы Самұрық-Қазына