Цифрлық жүйе емханада қалай жұмыс істей бастады?

23 шілде, 2025 / Теңіз Тамшыбаев
Фото: Денсаулық сақтау министрлігі

Алғашқы медициналық-санитарлық көмекті жаңғыртуда цифрлық трансформация — басты бағыттардың бірі. Бұл технологияларды енгізу ғана емес, емделуші мен медицина қызметкері үшін ашық әрі ыңғайлы жүйе құруды көздейді, деп хабарлайды Anyqtime.kz.

ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің «Республикалық медициналық-санитариялық алғашқы көмек орталығы» ШЖҚ РМК директоры Айгүл Қасымова Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында цифрлық жүйелер жөнінде кеңінен баяндады.

Оның айтуынша, қазіргі таңда медициналық ақпараттық жүйені министрліктің негізгі цифрлық платформаларымен интеграциялау бойынша қарқынды жұмыс жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, дәрілік қамтамасыз ету жүйесімен және бала көтеру жасындағы жүкті әйелдерді тіркеумен байланыстыру жүзеге асырылуда.

Айгүл Қасымова бұл жаңашылдықтар медициналық ұйымдар ішіндегі процестерді оңтайландырып, күнделікті операцияларға кететін уақытты қысқартатынын және пациенттермен тікелей жұмыс істеуге мүмкіндік артатынын атап өтті.

«Келесі қадам – пациентті анықтау процесін жетілдіру. Face ID және алты таңбалы код енгізу арқылы сәйкестендірудегі қателіктер азайып, тіркеу мен қызмет көрсету қайталануының алдын алынады. Бұл медициналық көмектің ашықтығын арттырады», – деді спикер.

Сонымен бірге, медициналық-санитарлық алғашқы көмекті бағалаудың жаңа әдістемесі – ЖНКҚ 2.0 автоматтандырылған жүйесі енгізілуде. Бұл әдіс арқылы медициналық ұйымдардың қызметі объективті түрде бағаланып, ынталандыру нормативі негізінде медицина қызметкерлеріне сыйақы жүйесі қолданылады. Ал ынталандыру төлемдерін бөлу кезінде субъективтілік жойылады.

«Цифрландыру тек қолайлылық үшін емес. Бұл — әділдік, ашықтық және тиімділік құралы. Ол емделуші, медицина жүйесі мен дәрігер арасындағы сенімді нығайтады. Жаңғырту бағыттары іске қосылып, алғашқы нәтижелерін көрсетті. Бірақ жүйенің тұрақтылығы үшін бұл өзгерістерді әрі қарай да жүйелі жалғастыру қажет», – деп түйіндеді Айгүл Қасымова.

Тэгтер:

Денсаулық сақтау алғашқы көмек цифрлық трансформация Face ID ЖНКҚ 2.0