Қазақстанда алғашқы медициналық-санитарлық көмек деңгейінде балаларға қызмет көрсету жүйесі түбегейлі жаңғыртылды, деп хабарлайды Anyqtime.kz.
Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің «Республикалық медициналық-санитариялық алғашқы көмек орталығы» ШЖҚ РМК директоры Айгүл Қасымова мәлімдеді.
2025 жылы Денсаулық сақтау министрлігі балаларға арналған МСАК қызметінің құрылымы, функциясы мен бағыттарын айқындайтын жаңа бұйрық бекітті. Енді жүйенің орталық буыны — учаскелік педиатр. Оның бақылауымен өзге мамандар мен кабинеттердің өзара әрекеті үйлестіріледі. Бала ең алдымен педиатр кабинетіне келіп, жалпылама тексеруден өтеді, денсаулық тобы анықталып, әрі қарайғы бақылау бағыты белгіленеді.
Егер баланың дамуында қандай да бір ерекшелік немесе қауіп байқалса, ол даму және ерте араласу орталығына жолданады. Бұл орталықта дәрігер патронаттық бақылау жүргізіп, патронаждық медбике мен тамақтану маманы отбасымен тығыз жұмыс істейді. Қажет болған жағдайда сөйлеу, психомоторлық, психоэмоционалдық даму көрсеткіштері терең зерттелетін қосымша кабинеттер де іске қосылады.
Ата-аналарға кеңес беру және үйрету үшін патронаждық қызмет көрсетудің әмбебап прогрессивті моделі енгізілуде. Бұл жерде тамақтану, бала күтімі, мінез-құлықты басқару бойынша жеке бағдарлама беріледі. Егер қандай да бір ауытқулар анықталса, көпсалалы мамандар командасы, телемедицина және психологтар, педагогтар, әлеуметтік қызметкерлерден тұратын ведомствоаралық жүйе қосылады. Бұл тәсіл «бір терезе» қағидасымен жұмыс істейді және емдеу кезеңдері арасында үзіліс болдырмайды.
Сонымен қатар, жаңа құрылымда баланың жас ерекшелігіне қарай екпе егуді дұрыс жүргізетін егу кабинеті де жұмыс істейді. Уақтылы екпе алмаған немесе бұған дейін одан бас тартқан балалар ерекше бақылауға алынады.
«Балалардың денсаулығына мониторинг жүргізіп, аурудың алдын алу үшін мектеп медицинасы кабинеті мен жас ерекшелігіне қарай тексеру жүргізетін кәсіптік қарау кабинеті де қарастырылған», – деп қосты Айгүл Қасымова.