Медбикелердің жеке қабылдау жүргізуі ем сапасын арттыруға жол ашты

23 шілде, 2025 / Теңіз Тамшыбаев
Фото: Орталық коммуникациялар қызметі

Қазақстанда алғашқы медициналық көмекті ұйымдастыру жүйесі жыл сайын жетілдіріліп келеді. Енді медбикелер дәрігерлердің кейбір функцияларын өз бетінше атқара алады, бұл дәрігерге күрделі жағдайларға көбірек назар аударуға мүмкіндік береді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР ДСМ «Республикалық медициналық-санитариялық алғашқы көмек орталығы» ШЖҚ РМК директоры Айгүл Қасымова мәлімдеді, деп хабарлайды Anyqtime.kz.

Спикердің айтуынша, медбикелер қабылдау жүргізу арқылы тек жүктемені бөліспейді, олар толыққанды маман ретінде әлеуметтік, психологиялық және тұрмыстық факторларды зерттейді. Сауалнама жүргізіп, мейірбикелік диагноз қояды, қажетті анықтамалар мен ұсыныстар дайындайды. Бұл пациенттің нақты жағдайын анықтап, тиімді көмек көрсетуге жол ашады. Нәтижесінде, дәрігерлер күрделі клиникалық жағдайларға шоғырланып, созылмалы ауруларға жүйелі бақылау жасау мүмкіндігіне ие болды. Динамикалық бақылаумен қамтылған пациенттердің үлесі 38%-ға дейін өскен.

Сонымен қатар, «жоспарланған қабылдау» форматы енгізілді. Бұл алдын ала белгіленген әдістермен қабылдауды ұйымдастыруға бағытталған. Созылмалы науқастарды белсенді бақылау және өздігінен емделуді азайту осы форматтың негізгі мақсаты. Мұндай тәсіл шұғыл өтініштер санын азайтып, емдеуге жатқызу деңгейін төмендетіп, бастапқы медициналық буынға деген сенімді арттырады.

Тағы бір жаңалық – динамикалық бақылаудағы науқастар үшін «өздігінен жазылу» мүмкіндігі. Бұл жеке қабылдау кестесін қалыптастырып, пациенттердің медициналық ұйым ішіндегі қозғалысын тиімді ұйымдастырады. Сондай-ақ енді науқастар тіркеуші немесе учаскелік дәрігер көмегінсіз бейінді мамандарға жазыла алады. Ал жоспарлы емдеуге жатқызу алдында қажетті тексерулердің жарамдылық мерзімі 10 күннен 1-3 айға ұзартылды. Бұл науқастарды қайта-қайта тексеруден босатып, медициналық процесті жеңілдетті.

Тэгтер:

Денсаулық сақтау МСАК медбике қабылдауы динамикалық бақылау жоспарланған қабылдау