Астанада оқушылар жасанды интеллект, бағдарламалау мен анимацияны тегін меңгере алатын орталық ашылады, деп хабарлайды Anyqtime.kz.
2025 жылдың қазанында Alem.ai халықаралық орталығы базасында 12–18 жастағы балаларға арналған TUMO шығармашылық технологиялар орталығы іске қосылады. Бұл қосымша білім беру орталығы – балалар сабаққа дейін немесе кейін қатыса алады. Оқыту жасанды интеллект, анимация, цифрлық музыка, бағдарламалау, робототехника сынды 11 бағыт бойынша жүргізіледі. Жылына 5–6 мың оқушыны қамту көзделген.
«Орталыққа кез келген бала қатыса алады. Тек өтініш беріп, өз орнын уақытында алу жеткілікті. Болашақта Алматыда және өңірлерде осындай орталықтар ашамыз», – деді «Инновациялық технологиялар паркі» басқарушы директоры Валерия Те.
Сондай-ақ шалғай ауылдарда TUMO-бокстар орнатылып, балаларға IT-оқуға мүмкіндік беріледі. Ал 18 жастан асқандар үшін Tomorrow School мектебі ашылған. Мұнда студенттер оқытушысыз peer-to-peer әдісімен білім алады. 2 жылдық бағдарламада 50-ден астам жоба мен 20-дан астам бағдарлама тілі қамтылған.
Tomorrow School-ға түсу үшін арнайы платформадан тіркеліп, логикалық ойындар ойнау керек. Ең үздіктер төрт апталық оқудан кейін негізгі оқу тобына қабылданады. Қазір мектепте 200-ден астам адам оқып жатыр.
Сонымен қатар Astana Hub пен TechnoWomen-нің бірлескен IT-Aiel жобасы арқылы соңғы үш жылда 5,5 мыңнан астам әйел цифрлық салада білім алған.