Колледждермен жұмыс істейтін кәсіпорындар саны артты

23 шілде, 2025 / Теңіз Тамшыбаев
Фото: Оқу-ағарту министрлігі

Жұмысшы мамандықтар жылында студенттерге дуальды оқыту ұсынатын кәсіпорындар екі есе көбейді, деп хабарлайды Anyqtime.kz.

Щучинск қаласында техникалық және кәсіптік білім алушы жастардың республикалық слеті басталды. Жиынға еліміздің барлық өңірінен 100-ден астам үздік студент қатысып жатыр. Іс-шараның ашылуына Үкімет мүшелері, министрлер мен өңір басшылары келді. Вице-премьер Ермек Көшербаев жастарға сәттілік тілеп, жұмысшы мамандықтардың ел дамуындағы рөліне тоқталды.

Биылғы бастамалар аясында 8 мыңнан астам кәсіби бағдар беруші педагог даярланып, 700-ден астам бейінді сынып ашылмақ. Дуальды оқытуға қатысатын кәсіпорындар саны 18 мыңға жетіп, шефтік серіктестер саны 7 есе өскен. Жаңа оқу жылында 185 колледждің базасы жаңартылып, жатақханамен қамту 96 пайызға жетеді.

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың сөзінше, енді колледж студенттері халықаралық деңгейде білім алып, шетелдік тағылымдамаларға қатысу мүмкіндігіне ие болады. Қазақстан Қытай, Түркия, Франция, Жапония сынды елдермен 10 халықаралық жобаны бірге жүзеге асырып жатыр. Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің студенті Аяла Байболаттың айтуынша, қазіргі колледждер – болашаққа сенімді қадам.

Слет 24 шілдеге дейін жалғасады. Бағдарламада мотивациялық кездесулер, шеберлік сабақтары мен спорттық іс-шаралар қарастырылған. Бүгінде елде 772 колледж бар, оларда 550 мыңнан астам студент білім алып жатыр.

Тэгтер:

техникалық білім жұмысшы мамандықтар слет 2025 дуальды білім колледж студенттері