Сот үкімі шықпай тұрып пікір білдіру – заң бұзу: судья ескерту жасады
Эфирден скриншот

Сот үкімі шықпай тұрып пікір білдіру – заң бұзу: судья ескерту жасады

Шерзат Полаттың өліміне байланысты қаралып жатқан қылмыстық іс бойынша кезекті сот отырысында төрағалық етіп отырған судья Ержан Жанұзақов әлеуметтік желідегі кейбір пікірлерге байланысты ескерту жасады. Бұл туралы Anyqtime.kz тілшісі Stan.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Судьяның айтуынша, сот процесіне қатысы жоқ тұлғалардың тергеу мен сотқа қатысты субъективті пікір білдіруі заңсыз әрекет ретінде қарастырылуы мүмкін. Ол Конституцияның 75-бабын алға тартып, сот төрелігін тек сот жүзеге асыратынын және сыртқы араласуға жол берілмейтінін ескертті.

— Сот үкімі әлі шықпаған жағдайда, процесті талқылау, оған құқықтық баға беру заңға қайшы. Сот процесі барысында судья тек заңға сүйене отырып, жан-жақты және әділ шешім қабылдауға тиіс. Сондықтан қандай да бір қысым көрсету әрекеттеріне жол берілмеуі керек, — деді Ержан Жанұзақов.

Бұл мәлімдеме сот процесіне байланысты бірнеше рет пікір білдірген адвокат Джохар Өтебековтің атына бағытталған болуы мүмкін. Судья үкім шыққанға дейін судья мен сот процесін сынға алу қысым көрсету ретінде бағаланып, тиісті жауапкершілікке әкелетінін нақты айтты.