Көші-қон саясаты қатаң реттелмек
Фото: Үкімет

Көші-қон саясаты қатаң реттелмек

Үкімет отырысында көші-қон саясатын жетілдіру жолдары талқыланып, нақты тапсырмалар берілді, деп хабарлайды Anyqtime.kz.

Премьер-министр Олжас Бектенов миграциялық ағындар мен геосаяси өзгерістер жағдайында бұл мәселенің өзектілігін атап өтті. 2023 жылдан бастап көші-қонның оң сальдосы байқалған: Павлодар, ШҚО, Атырау және Астана, Алматы қалаларына халық көп көшіп келген. Алайда заңсыз көші-қон, ішкі диспропорция және есепке алудың әлсіздігі сынды мәселелер әлі де өзекті.

Бекітілген шешімдер бойынша, 1 қарашаға дейін көші-қон процестерін есепке алудың Бірыңғай цифрлық платформасы іске қосылмақ. Сондай-ақ шекарадан өткендерге ID-карта беру жүйесін жедел енгізу тапсырылды. Ал шетелге жұмысқа орналастыратын жеке агенттіктер лицензияланатын болады.

1 қазанға дейін Қазақстанның көші-қон және демографиялық саясат тұжырымдамасы әзірленеді. Сонымен қатар қандастардың әлеуетін алдын ала бағалау үшін елге келмей тұрып сауалнама алу енгізіледі. Олар әсіресе солтүстік және шығыс өңірлерге тартылмақ.