Маңғыстау облысы Құрық ауылында жасөспірімдердің жаппай төбелесі тіркелді. Құқық қорғау органдары оқиғаға байланысты бұзақылық бабымен қылмыстық іс қозғады, деп хабарлайды Anyqtime.kz тілшісі Stan.kz сайтына сілтеме бере отырып.
Instagram желісіндегі 112_aktau парақшасында жарияланған видеоларда ондаған жасөспірімнің тас лақтырып, қолдарына таяқ алып төбелескені көрінеді. Екінші бейнежазбада жарылысқа ұқсайтын қатты дыбыс естіледі.
Маңғыстау облыстық полиция департаментінің мәліметінше, барлық қатысушылар анықталып, ата-аналарымен бірге полиция бөліміне жеткізілген.
«Кәмелетке толмағандарды тәрбиелеу жөніндегі міндетін тиісінше орындамағаны үшін олардың ата-аналары да әкімшілік жауапқа тартылды. Жасөспірімдердің барлығы профилактикалық есепке қойылды», – делінген ведомство хабарламасында.
Қазіргі таңда тергеу жүріп жатыр. Оның нәтижесінде қатысушылардың әрекетіне құқықтық баға беріледі.