Құқық бұзушылықтардың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысында жастар арасындағы нашақорлықпен күрес, тұрмыстық зорлық пен маскүнемдіктің алдын алу шаралары қаралды, деп хабарлайды Anyqtime.kz.
Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен жиында ІІМ, Денсаулық сақтау министрлігі, әкімдіктер мен арнайы органдардың өкілдері баяндама жасады. Ішкі істер министрі Ержан Сәденов жарты жылда 6,4 тонна есірткі тәркіленіп, 17 мыңнан астам сайт бұғатталғанын айтты. Telegram арқылы таратушыларға да тосқауыл қойылып, 28 канал әкімшісі ұсталған. 11 мыңға жуық алдын алу шарасы өткізілгенімен, жастар арасындағы нашақорлық өршіп тұр.
Премьер бұл тенденцияның қауіпті екенін айтып, тарату жолдарының күрделене түскенін ескертті. Интернет, пошта және анонимді төлемдер арқылы жасырын жеткізілетін есірткіні анықтау қиындаған. Сол себепті ол сайттарды бұғаттау, күдікті аударымдарды бақылау және есірткіге қарсы инфрақұрылымды дамыту бойынша нақты тапсырмалар берді.
Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова елде 17 мыңнан аса нашақор ресми есепте тұрғанын, ал синтетикалық стимуляторларға тәуелділік артқанын мәлімдеді. Медициналық-санитарлық көмек көрсету жүйесінде 94 жастар денсаулық орталығы жұмыс істейді. Жыл соңына дейін жаңа емдеу әдістері енгізілмек.
Отырыста тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес жайы да сөз болды. ІІМ дерегінше, соңғы үш жылда мұндай фактілерге қатысты арыздар саны 35%-ға азайған. Алайда премьер бұл саладағы жұмыстарды күшейту қажет екенін айтып, Отбасын қолдау орталықтары мен цифрлық шешімдерді кеңінен енгізу керектігін атап өтті. Сонымен қатар зорлық-зомбылыққа куә болған балалармен жеке жұмыс істеу тетігі әзірленетін болды.
Жиын қорытындысында әкімдіктерге рақымшылыққа іліккен азаматтармен жұмыс жүргізу, тұрмыстық қылмыстардың алдын алу тапсырылды.