Мүгедектігі бар 110 мың қазақстандық жұмыспен қамтылған
Ашық дереккөзі

Мүгедектігі бар 110 мың қазақстандық жұмыспен қамтылған

2025 жылдың 1 шілдесіндегі мәліметке сәйкес, елімізде ерекше қажеттіліктері бар 110,9 мың адам жұмыспен қамтылған. Бұл жалпы мүмкіндігі шектеулі жандардың 30 пайызына тең, деп хабарлайды Anyqtime.kz.

Қазіргі таңда Қазақстанда 743,9 мың мүгедектігі бар адам тұрады. Оның 375,7 мыңы еңбекке қабілетті жаста. Осы жылдың бірінші жартыжылдығында 15 мыңнан астам адам жұмыспен қамту шараларына тартылған. Атап айтқанда, тұрақты жұмысқа 1,8 мың адам, қоғамдық жұмысқа – 3,8 мың, әлеуметтік жұмыс орындарына – 271, жастар практикасына – 141 адам орналасқан. Сондай-ақ, «Күміс жас», «Алғашқы жұмыс орны», «Ұрпақтар келісімшарты» жобалары арқылы да жұмысқа орналасу мүмкіндігі жасалған.

88 адам қысқа мерзімді оқудан өтті, ал 2,9 мың азамат «Бастау бизнес» аясында кәсіпкерлік негіздеріне оқыды. Мемлекеттік грант арқылы өз ісін бастағандар да бар: 666 адам 1,6 млн теңгеге дейін қолдауға ие болды.

Бұған қоса, ерекше жандарға жұмыс орнын бейімдеуге кететін шығындарды өтеу үшін жұмыс берушілерге де қолдау көрсетілуде. Биыл 49 арнайы жұмыс орны құрылды.