Әскери ЖОО-ға қабылдау онлайн өтті, жаңа платформа іске қосылады
Қазақстанда әскери жоғары оқу орындарына құжат қабылдау eGov порталы арқылы онлайн жүргізіледі. Ал бұған дейін оқудан шығып қалғандар ЖОО-ға қайта түсу үшін де өтініш бере алады. Медициналық алдын ала тексеріс алынып тасталды, ал арнайы тексеру цифрландырылды, деп хабарлайды Anyqtime.kz.
Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде сөйлеген ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары Дархан Ахмедиев мәлім етті. Оның айтуынша, «Sarbaz 2.0» жобасы аясында ҰБТ тапсырмай-ақ ЖОО-ға түсуге мүмкіндік беретін 6 мыңға жуық тегін оқу сертификаты берілген. Ал онлайн тестілеуге қатысқан 10 мыңнан астам үміткердің 2100-і мемлекеттік грант иегері атанған.
Сондай-ақ Ахмедиев Қорғаныс министрлігі әзірлеген «Askeri Ziyat» атты жаңа платформа туралы айтты. Ол әскери жоғары оқу орындары мен колледждердің жұмысын біріктіріп, оқу үрдісін толық автоматтандырады. Электронды журнал, кесте, глоссарий және есеп құралдарын қамтыған жүйеде 20 бағыт бойынша курстар өткізіледі. Қазірдің өзінде 1000-нан аса әскери қызметші тіркеліп, олардың 300-і оқуды тәмамдап, сертификат алған.
Платформа шалғайдағы әскери қызметшілер үшін жол, тамақ секілді шығындарды қысқартуға мүмкіндік беріп отыр. 1 қыркүйектен бастап «Askeri Ziyat» толық іске қосылып, Ғылым және жоғары білім министрлігінің жүйелерімен біріктірілмек.