"Қызымды өздері азаптап, кейін терезеден лақтырды": Алматыда қайтыс болған студенттің анасы істің әділ тергелуін талап етуде
Алматыда өткен жылдың жазында 22 жастағы Ақнәр Қамитова 7-қабаттан құлап қайтыс болған еді. Қайғылы оқиға бойынша марқұмның анасы бұл — өздігінен болған қайғылы жағдай емес, әдейі жасалған қылмыс деп мәлімдеді. Гүлстан Қамитованың айтуынша, қызы қатты азапталып, тіпті тырнақтары мен саусақтары жұлынып, денесі жарақатқа толы күйде табылған, деп хабарлайды Anyqtime.kz тілшісі.
2024 жылдың мамыр айында Алматыдағы көпқабатты үйлердің бірінен 24 жастағы Ақнәр Хамитова құлап көз жұмды. Алайда марқұмның отбасы бұл жағдайға "суицид" ретінде қарауға үзілді-кесілді қарсы. Туыстарының айтуынша, бойжеткен аяусыз азаптауға ұшырап, кейіннен терезеден итерілген.
Осы жылдың 14 наурызында өткен баспасөз мәслихатында Ақнәрдің анасы Гүлстан Хамитова оқиғаның шынайы мән-жайын баяндап, қызының ауыр қинауға ұшырағанын мәлімдеді. Ол медициналық сараптама барысында Ақнәрдің денесінен соққы, тістеу, тырнау іздері, сынған тырнақтар мен жұлынған шаштар анықталғанын жеткізді.
Гүлстан Хамитованың айтуынша, қызының жарақаттары туралы нақты айғақ болатын суреттер де бар. Бір фотосуретте – мойнындағы саусақ іздері, тағы бірінде – көгерген және тырналған жерлер бейнеленген.
Оған қоса, туыстары оқиғаға қатысты бірнеше бейнематериал да ұсынды. Бір видеода Ақнәр соққыдан кейін есінен танып қалған күйі басқа қыздардың ортасында тұрса, екіншісінде оның жан дауысы анық естіледі.
Адвокат әрі құқық қорғаушы Инга Иманбай бұл іске қатысты тергеу барысында тек “Өз-өзіне қол жұмсауға итермелеу” бабы қолданылғанын айтып, бұл шешіммен келіспейтінін жеткізді. Оның сөзіне сүйенсек, оқиға пәтер ішінде болған және Ақнәрді азаптауға қатысы бар күдікті тұлғалар әлі де еркіндікте жүр.
— Фото мен видеоайғақтардан көрініп тұрғандай, бойжеткен өлім алдында азапталған. Бірақ тергеу органдары “Азаптау” бабын әлі күнге дейін қылмыстық іске енгізген жоқ. Одан да сорақысы — оқиға кезінде пәтерде болған қыздар тергеуден босатылып, әлі күнге дейін ешқандай шектеусіз жүр, — дейді Иманбай.
Оның мәлімдеуінше, бұл іс Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 99-бабы 2-бөлімі (Адам өлтіру) бойынша да қаралуы тиіс. Ақнәрдің отбасы дәл осы баппен тергеу басталуын талап етіп отыр.
Айта кетейік, оқиға орын алған күні Бостандық аудандық полиция бөлімі марқұмның анасына қыздың өздігінен секіргенін айтқан. Алайда туыстары мәйітті жуған кезде денесіндегі азаптау белгілерін байқағанын және бұл суицидке мүлде сәйкес келмейтінін алға тартуда.
Марқұм болған Ақнәр Қамитованың анасының ұсынған фото деректері мен видеолары