Әскери-дәрігерлік комиссия цифрлық форматқа көшеді
Қазақстанда әскерге шақырылушыларды медициналық тексеру процесі кезең-кезеңімен цифрландырылып жатыр. Қазір бұл жүйе Астана, Алматы, Шымкент және Қарағанды облысында қолжетімді, деп хабарлайды Anyqtime.kz.
ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары Дархан Ахмедиевтің айтуынша, 2024 жылы 15 мың, ал 2025 жылы 5,5 мың адамның медициналық деректері цифрланған. Әскери лазареттер мен ауруханалар да медициналық ақпараттық жүйеге көшіп, жыл сайын 10 мыңнан астам сарбазға сандық форматта қызмет көрсетеді.
Министрлік алдағы уақытта әскери-дәрігерлік комиссияны толық цифрландыруды жоспарлап отыр. Бұл сыбайлас жемқорлықты болдырмауға және қызметке жарамдылықты анықтау процесін жылдамдатуға мүмкіндік береді. Қазір Астанада жаңа форматтағы комиссияның функционалды тестілеуі жүріп жатыр.
Сонымен қатар, ел бойынша телемедицина жүйесі енгізіледі. Бұл шалғай өңірлерде маман тапшылығы кезінде ЖИ көмегімен диагноз қоюға мүмкіндік береді. Тиісті мамандар телемедицина курстарынан өтуде.