«Мұғалім емес, сайқымазақ болдың»: Ақмоншақ Нұртаза директорлық қызметінен не үшін кетті?

Бүгін, 13:05 / Теңіз Тамшыбаев
Фото: әлеуметтік желіден

Ақмоншақ Нұртаза – TikTok-та оқушылармен ерекше форматта тілдесіп, жұлдызға айналған мектеп директоры. Ол қызметінен кеткеннен кейін алғаш рет Instagram арқылы пікір білдірді, деп хабарлайды Anyqtime.kz.

Директор өзінің бұл қадамын ішкі тыныштық іздеумен және жаңа бағытқа бет бұру қажеттілігімен байланыстырды. «Үзіліс керек болды. Ішкі тыныштық, ой елегінен өткізу, алға қадамды нық басу үшін», – деп жазды ол.

Ақмоншақ Нұртаза ұстаздық миссиясын мүлде тастамайтынын, тек жаңа деңгейде жалғастыратынын айтты. Енді оның әлеуметтік желідегі парақшасы тек бейнежазба емес, қоғаммен байланыс құралына айналады. «Ұстаздың жанын түсіну, демеу болу, шабыттандыру. Оқушыны шынайы тыңдап, ата-анаға бағыт беру – бұл менің миссиям», – деді ол.

TikTok-тағы танымалдығы мен қоғамдағы екіұшты пікірлер оның шешіміне әсер етсе керек. Бірі оның заманауи әдісін қолдаса, енді бірі «мұғалім емес, сайқымазақ болдың» деп сынаған.

Дегенмен Ақмоншақ Нұртаза өз жолын жалғастыра бермек. Жазбасында жақында парақшасында жаңалық болатынын аңғартты.

Тэгтер:

әлеуметтік желі Ақмоншақ Нұртаза мектеп директоры TikTok мұғалім ұстаздық миссия