«Екі адам қаза тапты»: Шавкат Рахмоновтың жұбайы жол апатына түсті
Фото: коллаж Taulik.kz

«Екі адам қаза тапты»: Шавкат Рахмоновтың жұбайы жол апатына түсті

Жамбыл облысында орын алған жантүршігерлік жол апатынан екі адам қаза тауып, тағы екеуі түрлі жарақатпен ауруханаға түсті. Желіде тараған мәліметтерге сәйкес, көлікте UFC жұлдызы Шавкат Рахмоновтың жұбайы мен ұлы болғаны айтылады.

Жол-көлік оқиғасы 2025 жылдың 27 шілдесінде таңғы сағат 08:50 шамасында, Алматы – Екатеринбург тас жолының 299-шақырымында тіркелді. Полицияның мәліметінше, Toyota Land Cruiser 200 көлігін тізгіндеген жүргізуші рөлге ие бола алмай, көлік аударылып кеткен. Апат салдарынан екі адам оқиға орнында көз жұмды, тағы екі адам түрлі жарақатпен ауруханаға жеткізілген.

ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы бойынша («Көлік құралдарын басқару ережесін бұзу, абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соғу») сотқа дейінгі тергеу басталды. Қазіргі уақытта полиция зардап шеккендердің аты-жөнін ресми түрде жарияламай отыр.

Алайда Tengrinews.kz дереккөзі мен әлеуметтік желілердегі ақпараттарға сенсек, жол апатына Шавкат Рахмоновтың жары – Гүлайым Рахмонова мен ұлы тап болған. Олар Қарағандыдан Алматыға бағыт алған. Ресми емес деректер бойынша, апат трассаның 296-шақырымында, Жамбыл облысы, Мойынқұм ауданы аумағында болған.

Әлеуметтік желі қолданушыларының жазбасына сәйкес, көлікте болған 39 жастағы әйел оқиға орнында, ал 35 жастағы тағы бір әйел ауруханаға бара жатқан жолда қайтыс болған. Гүлайым Рахмонова мен ұлы Шу қаласындағы ауруханаға жеткізілген. Екеуінің жағдайы – орташа ауыр.

Қоғам тарапынан бұл оқиғаға үлкен қызығушылық танытылып жатыр. Көпшілік марқұмдардың жақындарына көңіл айтып, оқиғаның әділ тергелуін талап етуде. Ал Шавкат Рахмонов пен оның командасы әзірге бұл жағдайға байланысты ресми пікір білдірмеді.