Шерзат Болаттың өліміне қатысты сотта оқиғаның жантүршігерлік видеолары көрсетілді
Видеодан скриншот / https://dalanews.kz

Шерзат Болаттың өліміне қатысты сотта оқиғаның жантүршігерлік видеолары көрсетілді

Талғар қаласында өткен сот отырысында 16 жастағы Шерзат Болаттың өліміне қатысты тың деректер жария болды. Процесте оқиғаның түнінде түсірілген бейнематериалдар көрсетіліп, жұртшылықтың жағасын ұстатты, деп хабарлайды Anyqtime.kz тілшісі Dalanews.kz сайтына сілтеме жасап.

Қазіргі таңда сотта айыпталушылардың бірі – Дархан Әскентайдан жауап алынуда. Оның жауап беруі кезінде сот залында куәгерлер түсірген оқиға видеосы ұсынылды. Кадрларда Шерзаттың анасы "қой дедім ғой!" деп айғайлап жатқан сәті, ал Нұрқанат Ғайыпбаев "жедел жәрдем шақырыңдар!" деп жанұшыра айғайлағаны анық естіледі.

Бейнежазбадан күдіктілердің бірі марқұмды немесе Нұрқанатты дубинка немесе мылтыққа ұқсайтын затпен ұрып жатқан сәттер байқалады. Ал прокурордың мәліметінше, айыпталушы Белқожаев Шерзат жерде жатқанда оны теуіп өткен.

— Белқожаев, Шынасыл, Ильясов және Сәкиев Нұрқанатты оқшаулап, бөлек жаққа сүйреп әкеткен. Сол жерде Шынасыл мен Сәкиев оған пышақ жарақаттарын салған. Бұл деректер нақты дәлелдемелермен расталды, – деді прокурор сот залында.

Dalanews.kz порталы бұл бейнематериалдарды Instagram парақшасында да жариялаған.

Айта кетейік, осы іске қатысты белгілі адвокат Джохар Өтебеков те пікір білдіріп, тергеу жұмыстарының шикіліктеріне назар аударған болатын. Оның айтуынша, қылмыс орнында 15 адам болған, соның 13-і тергеуден өтіп, 11-і қамауға алынған. Бірақ сот алдында жауап беріп жатқан тек тоғыз адам. Ал кісі өліміне нақты күдік тек бір адамға ғана тағылған.

— Біз куә болған жағдай топтасып жасалған кісі өлтіру әрекетіне ұқсайды. Бірақ көпшілігіне тек "бұзақылық" бабы бойынша айып тағылып отыр. Бұл айыппен сотталғандар бір жылдан кейін шартты түрде бостандыққа шығуы мүмкін. Ал құқық қорғау органдары негізгі қатысушылардың кейбірін "кінәсіз" деп таныған, – деді Өтебеков.

Сот отырысы кезінде төрағалық етіп отырған судья Ержан Жанұзақов қоғам өкілдеріне және блогерлерге ескерту жасады. Оның айтуынша, тергеу және сот жұмысына баға беру – заңсыз әрекет.

— Сот аяқталмай тұрып, үкім шықпайынша, процеске құқықтық баға беруге және оны әлеуметтік желіде талқылауға болмайды. Сот төрелігін жүзеге асыру тек соттың құзырында. Бұл ҚР Конституциясының 75-бабында нақты жазылған, – деп мәлімдеді судья.

Еске салайық, 2023 жылы Талғарда орын алған жаппай төбелес кезінде 16 жастағы Шерзат Болат көз жұмған еді. Кейінірек оның отбасы ауыр сынақтарды бастан өткерді: Шерзаттың ағасы Нұрқанат Ғайыпбаев желтоқсанда қайтыс болды. Полиция оның өлімін суицид деп танып, дәлел ретінде туысына жолданған хабарламаны көрсетті.

Марқұмның әкесі Қаржаубай Нұрымов әділдік талап етіп, БАҚ өкілдеріне үндеу жасаған соң ұсталып, 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Артынша Шерзаттың әпкесі де қамауға алынды.

Бұл оқиға қоғамда үлкен резонанс тудырып отыр. Жақындарын жоғалтқан отбасы әділ тергеу мен сот шешімін талап етуде.