Арнаулы әлеуметтік төлемге өтініш көбейіп келеді
Ашық дереккөзі

Арнаулы әлеуметтік төлемге өтініш көбейіп келеді

2025 жылдың алғашқы жартысында зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істеген 3 916 адамға арнаулы әлеуметтік төлем тағайындалды. Бұл төлемге жалпы 3 968 адам өтініш берген, деп хабарлайды Anyqtime.kz ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап.

Оның ішінде республикалық бюджет пен Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан төленетін төлем түріне 313 адам өтініш берген болса, 309-на тағайындалды. Ал төрт қаржыландыру көзінен – яғни, бюджет, зейнетақы қоры, жұмыс беруші және өмірді сақтандыру ұйымы есебінен берілетін төлемге 3 655 адам өтініш берген, оның 3 607-сі мақұлданған.

Қазіргі уақытта 56 азамат сақтандыру компаниясымен аннуитет шартының рәсімделуін күтіп отыр. Ал 34 өтініш иесі СМС хабарламаға жауап бермегендіктен, 18 адамға төлем тағайындалмаған.

Өңірлер арасында ең көп өтініш тіркелген облыстар: Қарағанды (жалпы 539 адам), Шығыс Қазақстан (388 адам) және Қостанай (306 адам).