Қазақстанда өнеркәсіп бойынша 75 жаңа мамандық енгізілді
Еліміздің өнеркәсіп саласында жаңа технологияларға бейімделген 75 жаңа мамандық пайда болды. Бұл туралы Үкімет отырысында Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Иран Шархан мәлімдеді, деп хабарлайды Anyqtime.kz UKIMET Telegram-арнасына сілтеме жасап.
Вице-министрдің айтуынша, бүгінде министрлік жетекшілік ететін салалар бойынша шамамен 40 мың кадрға сұраныс бар. Жаңа кәсіптер Атласында металлургия мен тау-кен өндірісінен бастап құрылысқа дейінгі салаларда тың мамандықтар тіркелген. Мысалы, смарт жүйелерді әзірлеуші, роботтандырылған тау техникасының операторы, виртуалды прототиптеуші және Big Data талдаушысы сынды мамандықтар сұранысқа ие бола бастады.
Сонымен қатар, биыл іске қосылатын 190 инвестициялық жоба аясында машина жасау саласында тағы 8 жаңа мамандық пайда болмақ. Олардың қатарында 3D басып шығару және дәнекерлеу инженері, роботтандырылған бояу жүйесінің операторы бар.
Министрлік өкілі атап өткендей, қазіргі үрдіс қол еңбегін автоматтандырылған жүйелермен алмастыру арқылы жұмысшы мамандықтарының маңызын арттырып, бұл саладағы көзқарасты өзгертуге жол ашады.