Қазақстан темір жолы 1700 шақырым жаңа желі салып жатыр
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Талғат Алдыбергеновті қабылдады. Кездесу барысында биылғы бірінші жартыжылдықтағы негізгі көрсеткіштер мен стратегиялық жобалар таныстырылды, деп хабарлайды Anyqtime.kz.
Алдыбергеновтің мәліметінше, биыл эксплуатациялық жүк айналымы 8,6 пайызға артып, транзиттік тасымал көлемі 14,6 миллион тоннаға жеткен. Бұл ретте трансұлттық теміржол дәлізін дамыту үшін 1700 шақырымнан астам жаңа желі салынып, 3 мың шақырымға жуық жол жаңғыртылып жатыр.
Атап айтқанда, биыл Достық–Мойынты бағытындағы екінші жол мен Алматы бекетін айналып өтетін теміржол құрылысы аяқталады. Сонымен қатар, Дарбаза–Мақтаарал жобасы жалғасып, Бақты–Аягөз және Қызылжар–Мойынты бағыттарының құрылысы басталды.
Президентке ҚТЖ-ның халықаралық серіктестігі туралы да баяндалды. Қытай, Ресей, Мажарстан, Беларусь, Әзербайжан және Грузия сияқты елдермен жүкті шоғырландыру орталықтары арқылы байланыс орнату логистика тиімділігін арттырып, Шығыс–Батыс және Солтүстік–Оңтүстік дәліздері бойынша тасымал көлемін өсіріп отыр.
Кездесуде цифрландырудың маңыздылығы ерекше айтылды. ҚТЖ халықаралық инновациялық серіктестермен бірлесіп, қауіпсіздік пен қызмет сапасын жетілдіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Мысалы, Транскаспий дәлізіндегі транзиттік декларациялау автоматтандырылып, декларация толтыру уақыты 8 сағаттан 30 минутқа дейін қысқарған.
Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан темір жолының» ел экономикасы мен транзиттік әлеуетін арттырудағы рөліне тоқталып, көлік инфрақұрылымын жаңғыртуды жалғастыру қажет екенін атап өтті.