Жаңа оқу жылында көмек алатын оқушы саны 500 мыңнан асты
2025–2026 оқу жылы қарсаңында елімізде әлеуметтік қолдауға мұқтаж 500 мыңнан астам оқушыға көмек көрсетіледі. Бұл шара «Жалпыға бірдей білім беру» қоры аясында жүзеге асуда, деп хабарлайды Anyqtime.kz.
Министрлік мәліметінше, дәстүрлі түрде бұл көмекке жетім балалар, ата-ана қамқорлығынсыз қалғандар, аз қамтылған отбасылардан шыққан оқушылар, сондай-ақ өмірлік қиын жағдайға тап болған балалар кіреді.
Көмек ата-аналардың банк карталарына тікелей аударылады. Бұл – ата-аналарға өз қалауы бойынша мектеп формасы мен кеңсе тауарларын сатып алуға мүмкіндік береді. Биыл бір оқушыға берілетін ең төменгі сома 46 228 теңгеге тең.
«Біз көмек көрсету үдерісін ашық, ыңғайлы әрі әділ етуге тырыстық. Қазір бұл механизм барлық облыстарда іске қосылып жатыр», – деді Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрайымы Насымжан Оспанова.