Жетісуда бірнеше ауылға жаңа арық желісі салынады
Фото: Жетісу облысы әкімдігі

Жетісуда бірнеше ауылға жаңа арық желісі салынады

Жетісу облысында «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында ұзындығы 17,5 шақырым болатын арық желісі салынады, деп хабарлайды Anyqtime.kz.

Аталған жобаның шеңберінде Ақсу ауданы Қапал ауылында – 2 шақырым, Ескелді ауданы Ақын Сара ауылында – 5,5 шақырым, Кербұлақ ауданы Талдыбұлақ ауылында – 2,6 шақырым және Талдықорған қаласында – 7,4 шақырым арық жүйесін жабдықтау жоспарланып отыр.

Жергілікті тұрғындардың айтуынша, бұл жаңалық ауыл халқы үшін үлкен қуаныш. Мысалы, Ақын Сара ауылының ақсақалы Нұртілеу Ибрагимов бұл бастаманы қолдайтынын айтып, өз пікірін білдірді:
«Ауылда тұрып жатқаныма елу жылдан асты. Кеңес кезінде кейбір көшелерде арықтар болған, кейін жойылып кетті. Енді қайтадан арық жүйесін салып, көшелерімізді көркейтіп жатыр. Бұл халық үшін өте пайдалы жұмыс», – деді ол.