Павлодарда екі баласын терезеден лақтырып жіберген әйелдің әрекеті тұрғындарды есеңгіретіп тастады. Көршілерінің айтуынша, ол бұрын-соңды оғаш қылық танытпаған, жуас, балаларына қамқор ана болған, деп хабарлайды Anyqtime.kz ақпараттық агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап.
Оқиға 30 шілдеде болған. Көршілері әйелдің үш баласымен жиі серуендейтінін, отбасында күйеуімен бірге тұратынын айтады. Қайғылы жағдай орын алған күні 34 жастағы келіншек үш қабатта тұра тұра, бесінші қабатқа көтеріліп, балаларын сол жерден лақтырған. Кейін өзі де секіріп кеткен. Балалардың бірі — 1 жастағы сәби, екіншісі — 8 жастағы ұл. Үшеуі де подъездің шатыр жабынына құлаған. Дәрігерлер бұл жағдай олардың аман қалуына себеп болуы мүмкін екенін айтады.
Павлодар облыстық балалар ауруханасының реаниматолог-дәрігері Руслан Вороховконың айтуынша, 1 жастағы сәби клиникалық өлім жағдайында ауруханаға жеткізілген. Жүрек соғысы қалпына келтіріліп, сәби жасанды тыныс алу аппаратына қосылған. Қазір оның жағдайы өте ауыр. 8 жастағы бала да ауыр жарақат алған, алайда дәрігерлер оның өміріне қауіп жоқ екенін жеткізді. Анасының да жағдайы ауыр, сүйектері сынған, есін біледі.
Полиция дерегінше, әйел психикалық денсаулығына байланысты арнайы медициналық есепте тұрған. Қазір бұл дерек бойынша жедел-тергеу тобы жұмыс істеп жатыр. Оқиғаның себебі анықталып жатыр.