Шымкент қаласында 21 шілдеден бері із-түзсіз жоғалған 26 жастағы Дияна Оңғарбаева өлі күйінде табылды. Жас әйелдің қайғылы өлімі қоғамда үлкен резонанс тудырды, деп хабарлайды Anyqtime.kz ақпараттық агенттігі.
Диянаның жоғалғаны туралы алғаш болып волонтерлер хабарлаған. Lider.kz еріктілері іздеу жариялап, әлеуметтік желілерде хабарландыру таратқан еді. Ал Instagram мен Telegram-да тараған қосымша мәліметтерге қарағанда, Дияна белгісіз біреудің Telegram каналында жариялаған «үй жинау жұмысына» баруға келіскен.
Жантүршігерлік жағдай
Желі қолданушыларының айтуынша, жұмысқа шақырған адам — небәрі 17 жастағы жігіт. Ол жас келіншекті 16 жерінен пышақтап, денесін қоқысқа тастаған. Қайғылы жағдай орын алғаннан кейін 10 күн өткен соң ғана денесі табылғаны хабарланды.
Қазіргі таңда полиция адам өлтіру бабы бойынша қылмыстық іс қозғап, күдіктіні уақытша ұстау изоляторына қамауға алғанын растады. Тергеу амалдары жалғасуда.
Қоғамда алаңдаушылық артып тұр
Желіде белсенді жазба қалдырған қолданушылар бұл жағдайдан кейін жастарға, әсіресе қыз балаларға аса сақ болуға кеңес беруде. Жұмыс іздеу барысында бейтаныс адамдармен байланыс орнатпауды, көлікке отырмауды сұрап, қоғам болып қырағылық таныту қажеттігін ескертуде.
Диянаның артында жолдасы мен екі кішкентай қызы қалды. Қайғыдан қан жұтқан отбасына жұртшылық әлеуметтік желі арқылы қайғыра көңіл айтып жатыр.