Ғарышты үш рет бағындырған Талғат Мұсабаев өмірден озды

4 тамыз, 2025 / Теңіз Тамшыбаев
Суретте ғарышкер Талғат Мұсабаев. Фото: Ашық дереккөзі

Ғарышкер, Халық қаһарманы Талғат Мұсабаевтың дүниеден өткені туралы суық хабар тарады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев оның қайтыс болуына байланысты көңіл айтты, деп хабарлайды Anyqtime.kz Ақорда сайтына сілтеме жасап.

Талғат Амангелдіұлы – ғарышқа үш мәрте ұшып, ашық ғарышқа шыққан тұңғыш қазақтардың бірі. Ол өз ерлігімен ғана емес, ел алдындағы қызметімен де ел есінде қалды. Аэроғарыш саласын дамытуға үлес қосып, мемлекеттік қызметте де жауапты лауазымдар атқарды. ҚР Ұлттық ғарыш агенттігін басқарған жылдары ғарыштық ғылым мен технологияны дамытуда елеулі жұмыстар атқарды. Кейінгі жылдары Сенат депутаты ретінде де ел дамуына қызмет етті.

Президент жеделхатында:
«Кәсіби біліктілігімен, айналасына сыйлы азаматтық қалпымен халықтың құрметіне бөленген Талғат Амангелдіұлының жарқын бейнесі ұмытылмайды. Иманы саламат, жаны жәннатта болсын», – деп жазды.

Талғат Мұсабаев 1951 жылы Алматы облысында туған. Ғылым докторы, авиация генерал-лейтенанты дәрежесіне дейін көтерілген қайраткер ғарышты бағындырған тұңғыш қазақтардың бірі ғана емес, қазақ аэроғарышының негізін қалаушылардың бірі ретінде ел есінде мәңгі қалады.

Тэгтер:

Халық қаһарманы Талғат Мұсабаев ғарышкер қайтыс болды ғарышты бағындырған қазақ