Арпа экспорты екі есе артты: Иран мен Қытай сұранысы жоғары
Фото: Ауыл шаруашылығы министрлігі

Арпа экспорты екі есе артты: Иран мен Қытай сұранысы жоғары

Қазақстан 2024–2025 маркетингтік жылының ішінде арпа экспортын 2 есе арттырды. Жалпы көлем 1,82 млн тоннаны құрады. Бұл өткен маусыммен салыстырғанда 952,6 мың тоннаға көп, деп хабарлайды Anyqtime.kz ақпараттық агенттігі АШМ дерегіне сілтеме жасап.

Иранға жөнелтілген арпа көлемі 1,064 млн тоннаға жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 30 есеге өскен. Қытайға – 414,4 мың тонна, Өзбекстанға – 125,2 мың тонна арпа экспортталған. Бұл көрсеткішке бірнеше фактор әсер еткен: 3,84 млн тонна көлеміндегі жоғары өнім, экспорттағы сұраныстың артуы және қазақстандық арпаның бәсекеге қабілетті бағасы.

Сарапшылар арпаға сыртқы сұраныс өскен сайын ішкі нарықтағы баға да тұрақты түрде көтерілгенін айтады. 2024 жылғы қыркүйекте тоннасы 50–52 мың теңге болса, 2025 жылғы тамыз айының басында 85–87 мың теңге аралығында саудаланып отыр. Жыл соңына қарай экспорт көлемі 1,9 млн тоннаға жетуі мүмкін.

Осы орайда ішкі нарық та назардан тыс қалмаған. «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» 500 мың тонна бидай мен 200 мың тонна жемдік қор есебінен бағаны ұстап тұруда. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін бағаның өсуі табыс пен рентабельділікті арттырып, қаржылық тұрақтылыққа жол ашып отыр.