Оқушылар қауіпсіздігі үшін жаңа бағдарлама басталады
Фото: Оқу-ағарту министрлігі

Оқушылар қауіпсіздігі үшін жаңа бағдарлама басталады

1 қыркүйектен бастап еліміздің барлық мектептері мен колледждерінде балалар арасындағы буллингті азайтуға бағытталған «ДосболLIKE» антибуллингтік бағдарламасы енгізіледі, деп хабарлайды Anyqtime.kz ҚР Оқу-ағарту министрлігіне сілтеме жасап.

Бағдарламаның мақсаты – білім беру ұйымдарында қауіпсіз, өзара сыйластыққа негізделген орта қалыптастыру. Ол балалардың әл-ауқаты индексі мен халықаралық тәжірибелерге сүйеніп әзірленген. Аталған жоба бұған дейін 9 өңірдегі 50 мектепте сынақтан өткізіліп, тиімділігі дәлелденген. Әсіресе Астана, Алматы қалалары мен Абай және Жамбыл облыстарындағы мектептерде бұл бастама оң нәтиже көрсеткен.

Мектептерде арнайы антибуллингтік топтар құрылып, «шағым → талдау → көмек жоспары → қадағалау» тізбегі бойынша жұмыс жүргізілген. Осы тәсілдің арқасында жанжалдар азайып, балалар арасындағы сенім мен сыйластық мәдениеті нығайған.

Қазіргі таңда 2,5 мыңнан астам педагог пен маман оқытылып үлгерген. Жыл соңына дейін олардың саны 8 мыңнан асуы тиіс.