Air Astana рейсі Балқаш маңында төтенше жағдайға тап болды

13 тамыз, 2025 / Теңіз Тамшыбаев
Фото: sn.kz

Алматы–Астана бағытындағы Air Astana рейсі 12 тамызда Балқаш маңында төтенше жағдайға тап болды: борттағы герметизация бұзылып, жолаушылар арасында дүрбелең туғаны хабарланды, деп хабарлайды Anyqtime.kz ақпараттық агенттігі Skifnews.kz сайтына сілтеме жасап.

Оқиға туралы мәліметті әуе кемесінде болған жолаушы Threads желісінде баяндады. Оның айтуынша, рейс Балқашқа жақындағанда бортсеріктер тамақ таратып жатқан. Сол сәтте ұшақ күрт сілкінген.

«Осы кезде ұшақ капитаны «төтенше жағдай» деп хабарлады», — дейді жолаушы.

Әрі қарай оның сөзінше, әуе кемесі төмен қарай құлдилай бастаған, салонда тыныс алу қиындап, балалар жылаған.

«Мен 7 айлық қызым және кенже сіңліммен бірге ұшып келе жаттым. Мұндай сәтте жалғыз жүрген әлдеқайда жеңілірек болар еді. Себебі қасыңда балаң болса, оны қалай қорғайтыныңды ойлайсың», — деп жазды ол.

Жолаушы салондағы ахуалды «дүрбелең» деп сипаттады: «Адамдар іштей, сыбырлап дұға оқи бастады… Жолаушылар жылап, жақындарына қоштасу хабарламаларын жазды».

Оның айтуынша, осы мезетте бортсеріктер үстелшелерді жинап, орындықтарды тіктеуді сұраған, сондай-ақ жолаушылардан «биік өкшелі аяқ киім мен әшекейлерді шешіп, тік отыруды» талап еткен. Экипаж қону кезіндегі қауіпсіздік әрекеттерін қысқаша түсіндіріп, балаларды қалай қорғау керегін де ескерткен.

«Бір кезде қызымды ұстап отыру қиындай бастады, белдігін тағу мүмкін болмады… Өзім де қатты үрейленіп, көз жасымды тия алмай қалдым», — дейді жолаушы.

Оқиға 12 тамыз күні Балқаш маңында ұшу барысында тіркелгені атап өтілді. Жолаушы жазбасында экипаждың нұсқаулығы нақты, әрекеттері жедел болғаны айтылады. Ал салонда отырған жандардың көбі дұға оқып, жақындарымен қоштасу хабарламаларын жазып үлгерген. Қазіргі сәтте жолаушының Threads-тегі жазбасынан басқа қосымша ресми мәлімет келтірілмеген.

Тэгтер:

төтенше жағдай Air Astana Балқаш герметизация жолаушылар