«Әкімдік қызметінде кең өрісін көрсетті»: Берік Уәлидің беделі талқыланды
Фото: Абай облысының әкімдігі

«Әкімдік қызметінде кең өрісін көрсетті»: Берік Уәлидің беделі талқыланды

Семейде Абайдың 180 жылдығына арналған «Адамзаттың Абайы» республикалық айтысы өтті. Шарадан кейін желіде әкім Берік Уәлидің беделі қызу талқыланды, деп хабарлайды Anyqtime.kz ақпараттық агенттігі POLITICO.KZ сайтына сілтеме жасап.

8 тамызда өткен айтулы доданы Абай облысының әкімдігі ұйымдастырды. Елдің түкпір-түкпірінен жиналған 12 ақын сахнаға шығып, сөз саптады. Қазылар алқасына Жүрсін Ерман төрағалық етті. Ашылу салтанатында облыс әкімі Берік Уәли құттықтау айтып, айтыскерлерге сәттілік тіледі.

Шарадан кейін Facebook желісінде қызу пікір пайда болды. Журналист Руслан Ербота мерекелік кешке барғандардың әсерін топтастырып, көпшіліктің ортақ түйініне назар аудартты. Оның пайымынша, айтыс Абай мұрасын ұлықтауға арналса да, көп жұрттың назары әкім Берік Уәлидің тұлғалық болмысына ойысқан.

Ербота жариялаған жазбада бірнеше ой айқындалған: біріншіден, «Бөжейдің асында Абай елге қалай қызмет етсе, бұл тойда Берік Уәли сондай қарқын көрсетті» деген пікірлер айтылған. Екіншіден, «Бұл — Абайдың емес, Берік Уәлидің тойы болды» деп, әкімнің сахнадағы харизмасы ерекше көрінгені сөз болады. Үшіншіден, Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевпен салыстырғанда «Берік Уәлидің мысы басым көрінді» деген тұжырымдар келтірілген. Төртіншіден, «Бас ақынның тойына Президент неге келмеді?» деген сауал көпшілікті алаңдатпағаны, тіпті «Берік Уәли жүрген жерде Қасым-Жомарт Тоқаевтың бары да, жоғы да білінбейді» деген өткір пікірлер де жазылғаны айтылады.

Автор бұған қоса, Берік Уәли Президенттің баспасөз хатшысы болған кезеңде жұрт «селфиге көп түсетін шенеунік» ретінде қабылдағанын еске салып, «қазір әкімдік қызметінде кең өрісін көрсетті» дейтін пікірлер көбейгенін жеткізеді. Оның сөзінше, осы сәттегі қоғамдық көңіл күйді дәл қазір шынайы сауалнама жүргізсе, «саясат алаңында ең беделді тұлға ретінде Берік Уәли озып шығуы мүмкін» деп бағалайтындар бар. Бұл тұжырымдар еркін пікір иелерінің жеке көзқарасы ретінде берілгенін де атап өтеді.

Қорытындысында, мерейтой Абайдың рухын ұлықтауға арналғанымен, желідегі талқылауда облыс әкімі Берік Уәлидің беделі ерекше көрінген күн ретінде сипатталды.