Сот Нұрдәулет Қилыбайды баланың әкесі деп таныды
Сот Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбайды некесіз туған балаға қатысты іс бойынша әке деп танып, алимент төлеуді міндеттеді, деп хабарлайды Anyqtime.kz ақпараттық агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме жасап.
Облыс басшысы бұрынғы мәслихат депутаты Ынташ Наурызованың ұлының әкесі ретінде танылды. Кәмелетке толғанға дейін ай сайынғы табысының төрттен бір бөлігі мөлшерінде алимент ұсталады. Бұл шешім ел назарын аударған даулы іске нүкте қойды.
Бұл дау бірнеше ай бойы әлеуметтік желіде қызу талқыланды: тараптар өз уәждерін ашық айтып, жұртшылық пікір білдіріп отырды. Бұған дейін әкім желідегі айыптауларға жанама түрде жауап беріп, ақпаратты растамаған да, теріске шығармаған да еді. Кейін ювеналдық сотта әкелікке байланысты азаматтық іс қаралғаны хабарланған.
Айта кетейік, Қазақстанда бір балаға алимент, әдетте, төлеушінің табысының төрттен бір бөлігі ретінде өндіріледі. Алиментті ұстау және өндіру тәртібі Egov.kz түсіндірмесінде көрсетілген.