Қазақстанда мектепке дейінгі құзыреттілік орталықтары көбейді

14 тамыз, 2025 / Теңіз Тамшыбаев
Фото: Оқу-ағарту министрлігі

Қазақстанда мектепке дейінгі «Құзыреттілік орталықтары» кеңейіп, тәрбиешілердің біліктілігі мен балабақша–мектеп сабақтастығы күшейіп жатыр, деп хабарлайды Anyqtime.kz ақпараттық агенттігі ҚР Оқу-ағарту министрлігі сайтына сілтеме жасап.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сай 2023 жылдан бері мектепке дейінгі ұйымдарда «Құзыреттілік орталықтары» пилоттық жобасы іске қосылған. Бұл орталықтар озық педагогикалық тәжірибені енгізіп, тәрбиешілердің кәсіби дамуын жүйелеуге, сондай-ақ ата-аналар, педагогтер және мектепке дейінгі ұйымдар арасындағы серіктестікті нығайтуға арналған ортаға айналды. Бүгінде ел бойынша 330 Құзыреттілік орталығы жұмыс істейді: соның 180-і қалаларда, 150-і ауылдық жерлерде орналасқан.

Мектепке дейінгі және орта білім беру бағдарламаларының өзара үйлесімін қамтамасыз ету үшін 202 Құзыреттілік орталығы тірек мектепке дейінгі ұйымдар мәртебесіне ауыстырылып, нақты тірек мектептерге бекітілді. Балабақшалар, кеңес беру пункттері және мектептер арасындағы өзара іс-қимылдың қадамдық жоспары әзірленіп, балаларды оқыту мен тәрбиелеу процесіндегі сабақтастық тетіктері айқындалды.

Орталықтар балалардың қызығушылықтарын ескеретін, тез өзгеретін (трансформацияланатын) пәндік-дамыту ортасын құрып, білім беру процесін ойын арқылы ұйымдастырады және тірек мектептермен тұрақты әрі нәтижелі байланыс орнатады. Бұл тәсіл балалардың мектепке даярлығын икемді, заманауи форматта күшейтуге, ал педагогтерге үздік тәжірибелерді меңгеріп, бір-бірімен бөлісуге мүмкіндік береді.

«Құзыреттілік орталықтары желісін дамыту – мектепке дейінгі білім беруді жаңғыртудың маңызды қадамы. Бұл балаларға сапалы, икемді және заманауи мектепке даярлықты қамтамасыз етуге, ал педагогтерге – жаңа білім алып, үздік тәжірибелермен бөлісуге мүмкіндік береді», – деді Мектепке дейінгі білім беру департаментінің директоры Манара Адамова.

Тэгтер:

Балабақша Оқу-ағарту министрлігі Құзыреттілік орталықтары мектепке дейінгі білім тірек мектеп