Олжас Бектенов Қырғызстанмен шекарада бекеттерді жаңғыртуды тексерді, деп хабарлайды Anyqtime.kz ақпараттық агенттігі Primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.
Премьер-министр Олжас Бектенов Жамбыл облысына жұмыс сапарымен барып, Мемлекет басшысының көлік-логистика саласын дамыту мақсатында шекаралық өткізу пунктерін жаңғырту жөніндегі тапсырмасының орындалу барысымен танысты. Үкімет басшысы Қырғыз Республикасымен мемлекеттік шекарада орналасқан «Қордай» және «Қарасу» автокөлік өткізу бекеттерінде болып, инфрақұрылымның жағдайын, өзекті мәселелерін және алдағы даму жоспарларын қарады. Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев пен ҚР ҰҚК Шекара қызметі директорының орынбасарының уақытша міндетін атқарушы Ұлан Абиков бекеттердегі ахуал туралы баяндама жасады. Сонымен қатар Премьер-министрдің тапсырмасымен жүргізілген жұмыс бабындағы тексерулердің қорытындылары тыңдалды.
Еуразиялық экономикалық одақ елдерімен шекарада барлығы 39 автокөлік өткізу пункті орналасқан. Соның екеуінде жөндеу толығымен аяқталды. Жаңғырту он пунктте, соның ішінде Қазақстан–Ресей шекарасында басталды, әрі бұл жұмыстар кезең-кезеңімен басқа бекеттерді де қамтиды. Бұған дейін «Қордай» автокөлік өткізу бекетінде жүргізілген реконструкция нәтижесінде қозғалыс жолақтары 4-тен 8-ге, төлқұжаттық бақылау кабиналары 20-дан 40-қа дейін көбейтілді. Өткізу қабілеті жолаушылар ағыны бойынша 4 есеге, автокөліктер бойынша 2,7 есеге өсті.
«Қарасу» пункті бойынша жаңғырту жұмыстары басталды. Жоспар іске асқанда өткізу қабілеті тәулігіне 700-ден 2 мыңнан астам көлік құралына дейін ұлғаяды. Сонымен бірге жүк ағынын басқару мен көлік қозғалысын ұйымдастыру жақсарып, шекара инфрақұрылымы қазіргі заман талаптарына сай кеңейтіледі. Премьер-министр шекаралық нысандардың трансшекаралық ынтымақтастықты дамытудағы, халықаралық автомобиль және жолаушылар қатынасын қамтамасыз етудегі маңызды рөлін атап өтіп, реконструкция барысы Мемлекет басшысының тікелей бақылауында екенін жеткізді.
Олжас Бектенов атқарылып жатқан жөндеу жұмыстарының сапалы әрі уақтылы орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды. Сондай-ақ рәсімдеуді жеделдету үшін цифрлық технологияларды енгізуді күшейту, азаматтар мен сыртқы экономикалық қызметке қатысушылардың қауіпсіздігін және жайлылығын арттыру бойынша қосымша шаралар қабылдау жүктелді. Сапар аясында «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық дәлізінің құрамында тауарларды сақтау, өңдеу, шоғырландыру және өткізудің негізгі орталығына айналатын индустриялық-сауда-логистикалық кешен салу жобасы таныстырылды. Үкімет басшысы құрылыс мерзімінің созылып кетуін сынға алып, қысқа уақытта тиісті шаралар қабылдауды, жұмыс сапасы мен қарқынын қатаң бақылауда ұстауды тапсырды.