«Суға тұншықтырып, мазақ қылды»: Балқашта апалы-сіңілі қыздар суға тұншығып, ауруханаға түсті
Коллаж: Sn.kz

«Суға тұншықтырып, мазақ қылды»: Балқашта апалы-сіңілі қыздар суға тұншығып, ауруханаға түсті

Балқаштағы демалыс орнында түсірілген видеода апалы-сіңілі қыздар қайық жүргізушілерінің әрекетінен суға тұншыға жаздады, деп хабарлайды Anyqtime.kz ақпараттық агенттігі Skifnews.kz сайтына сілтеме жасап.

Оқиға жағалаудағы демалыс аймағында болған. Бойжеткендердің айтуынша, су көлігіне мінерде олардың бірі жүзе алмайтынын ескертіп, «артық қимыл жасамаңыздар» деп өтінген. Алайда қайықты айдаған жігіттер бұрылуды күрт жасап, соның салдарынан қыздар суға құлап кеткен. Бірі құтқару жилетін дұрыс кимей қалған, ал екіншісінің шомылу киімі тросқа шырмалып, тұншыға бастаған.

Куәгерлердің сөзіне қарағанда, қызметкерлер көмек көрсетуге асықпай, керісінше күле қараған. Сол сәтте қыздардың бірі есінен танып қалған. Жағаға шығарылғаннан кейін олар медицина мамандарына тапсырылған. Жедел жәрдем үш адамды «аспирациялық пневмония» диагнозымен ауруханаға жеткізгені айтылды.

Зардап шеккендер болған жайтты «қылмыстық немқұрайлылық» деп бағалап, кінәлілердің заң алдында жауап беруін талап етті. «Біз қауіпсіз аттракционды таңдадық, сақ болуды ескерттік, қызмет көрсетушілерге сендік. Соңында өмірімізден айрылуымыз мүмкін еді. Бүгін біз бір-бірімізді құтқардық, ертең бұл жерде басқа адамдар немесе балалар болуы мүмкін. Біз үнсіз қалсақ, мұндай жағдайлар қайталана береді», — дейді жәбірленушілер.