Тоқаев: Билікте отбасылық-кландық жүйе жойылды
Фото: Ақорда

Тоқаев: Билікте отбасылық-кландық жүйе жойылды

Тоқаев Тамыз конференциясында билікте кландық жүйе жойылғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Anyqtime.kz ақпараттық агенттігі Akorda.kz сайтына сілтеме жасап.

Республикалық Тамыз конференциясының пленарлық отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елдің жаңғыру бағытын нақтылап, «бүкіл халық болып бірлікпен Әділетті, Таза әрі Күшті Қазақстанды құрып жатқанын» айтты. Оның сөзінше, соңғы жылдары саяси жүйе толық жаңарып, жаңа экономикалық курс айқындалды, қоғам өзгеріп, азаматтардың санасы жаңаруда. Мемлекеттік қызметке меритократия қағидасы орныққанын атап өткен Мемлекет басшысы: «Билікте енді отбасылық-кландық жүйе жоқ. Лауазымға тағайындауда ең алдымен білім мен кәсіби біліктілік ескеріледі», — деді.

Президент қазіргі Қазақстанда еркін ойлайтын, заңға құрметпен қарайтын жаңа буын өсіп келе жатқанын айтып, «Заң мен Тәртіпті құрметтеу — бұлжымас қағидаға айналуда» деп түйіндеді. «Қазақстан дамудың жаңа сапалы кезеңіне қадам басты» деген Тоқаев өзгерістерді жариялау ғана емес, оларды қоғамда берік орнықтыру маңызды екенін ескертті. Бұл үшін қоғамдық сананы жаңғырту қажет екенін айтып, ұстаздарға айрықша жауапкершілік жүктелетінін баса айтты: «Нағыз Адал азамат ең алдымен мектеп қабырғасында қалыптасады».

Биылғы Тамыз конференциясы «Білім келешегі: адал азамат, кәсіби маман» тақырыбында өтіп, білім беру жүйесінің алдағы басымдықтарын айқындауға арналды.