«Нұрсұлтан тоқалдан туған»: Назарбаев фильмдері не үшін түсірілді?
Коллаж: SADAQ MEDIA

«Нұрсұлтан тоқалдан туған»: Назарбаев фильмдері не үшін түсірілді?

Рүстем Әбдірашов Назарбаев туралы фильмдер жайын ашты, деп хабарлайды Anyqtime.kz ақпараттық агенттігі sadaq.kz сайтына сілтеме жасап.

Режиссер Рүстем Әбдірашов тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаев туралы түсірілген төрт фильмнен «айтарлықтай ақша таппағанын» айтып, бұл жобаларға «материалдық емес, шығармашылық тәжірибе үшін» барғанын мәлімдеді. Ол осы пікірін SADAQ MEDIA YouTube-арнасына берген сұхбатында жеткізді. Айтуынша, негізгі мақсаттардың бірі – «Қазақфильмнің» жағдайын жақсарту болған.

Әбдірашовтың сөзінше, Назарбаев туралы картиналардан кейін «Қазақ хандығы» сияқты ауқымды жоба жүзеге асып, 40-қа жуық елге таралған. Жоба араб және неміс тілдеріне дубляждалған. «Бұл қадамға студияның жағдайын түзету үшін бардым, одан кейін үлкен тәжірибе алдым», – дейді ол.

Режиссер «Балалық шағымның аспаны», «Елбасы жолы», «Тығырықтан жол тапқан» және «Жұлдыздар тоғысқанда» фильмдерінде сол кездегі жаңа мемлекеттің идеологиялық сұранысын түсініп, елдің тізгінін ұстаған көшбасшының образын сомдауға күш салғанын айтады. Алайда түсірілім барысында саяси цензураға жиі тап болған.

«Мысалы, Назарбаевтың әкесі Әбіштің коллективизация кезінде бұқа мінген эпизоды “намысқа тиеді” деген уәжбен кесілді. Сондай-ақ, Сараны пойызға шығарып салу көрінісі де “көшбасшы қыздың артынан жүгірмеуі керек” деген себеппен алынып тасталды», – дейді ол.

Әбдірашов фильмдердің тек мадақтаумен шектелмегенін алға тартады: «Совет заманындағы айтылмаған шындықтарды көрсетуге тырыстық. Ақмоладағы “Отанына опасыздық жасағандардың әйелдері” лагері (АЛЖИР), Долинка, диссиденттер туралы желілер болды». Бірақ саяси интригалар мен қазіргі тарихқа қатысты маңызды эпизодтарды – «Қонаев пен Назарбаевтың қарым-қатынасы, Желтоқсан оқиғасы» – ашық көрсетуге рұқсат берілмеген.

Оның айтуынша, Назарбаевтың отбасылық өміріне қатысты кейбір деректер де сценарийден тыс қалған. «Әбіш ақсақалдың екі әйел алғаны және Нұрсұлтанның тоқалдан туғаны туралы деректер сценарийге енгізілмеді. Бірінші әйелі бала көтермеген, екінші әйелі бала туған, бірақ бәйбішесі оны бауырына басқан. Бірақ мұны фильмге сыйғызу мүмкін болмады», – дейді режиссер. Саяси бағыт күшейіп, тарихи шындықтарды кеңірек ашу мүмкіндігі азайған соң, ол жобалардың жалғасын түсіруден бас тартқан.

Сұхбат барысында режиссер бұрынғы президенттің авторитарлық жүйе құрғанын, «халықтың бақытын ұрлағанын» айтып, Назарбаев «жақсы атпен кетпеді» деген пікір білдірді. Әбдірашов өз дәуірін асыра суреттеп, авторитарлық режимнің пропагандасына үлес қосқанына өкінетінін де жасырмай жеткізді.