«Бетпердедегі адам» Димаш болуы мүмкін бе?

15 тамыз, 2025 / Теңіз Тамшыбаев
Коллаж: Sn.kz

Желіде қайырымдылықпен танылған «Бетпердедегі адамның» кім екені қызу талқыланып жатыр. Кей сараптама оны Димаш Құдайберген болуы мүмкін деп болжайды, деп хабарлайды Anyqtime.kz ақпараттық агенттігі Skifnews.kz сайтына сілтеме жасап.

Соңғы күндері әлеуметтік желілерде жұмбақ блогердің тұлғасына қатысты түрлі жорамал көбейді. Әсіресе «бұл Димаш шығар» деген пікірлер жиілеп, бейнежазбалар астында пікірталас қоза түсті. Дегенмен желіге жүктелген талдау роликтерінің авторлары бұл нұсқаның шындыққа жанаса бермейтінін айтады.

Олар күмәннің бірнеше уәжін келтіреді: «Бетпердедегі адамның» қолындағы тыртық пен қасының пішіні Димаштікінен бөлек көрінеді. Сондай-ақ аталған кейіпкер әкесінің инсульт алғанын айтқанын мысалға келтіріп, «егер шынымен Димаштың әкесі ауырған болса, бұл жаңалық міндетті түрде БАҚ назарынан тыс қалмас еді» деген пайым жасайды. Сол себепті «Димаш нұсқасы» дәлелденбеген гипотеза күйінде қалып отыр.

Әзіл-шыны аралас пікір айтқандар да бар: кейбір қолданушылар бетперденің астында «Қайрат Нұртас жасырынған шығар» деп жорамалдайды. Басқалары үшін мүлде оның нақты кім екені маңызды емес: ең бастысы – ол адамға үнсіз түрде көмектесіп, қайырымдылық жасай береді деген ұстаным басым.

Бір апта бойы талқыланып жүрген бейнежазба жүздеген пікір жинап үлгерді. Бірі жұмбақ тұлғаны Димашпен байланыстырып сенім білдірсе, енді бірі факт дәлелденбейінше жорамалға ермеуге шақырады. Қалай болғанда да, «Бетпердедегі адамның» айналасындағы қызығушылық оның қайырымдылық жобаларына назарды күшейтіп, қоғамда ашықтық пен дәлдікке деген сұранысты тағы бір көрсетті.

Тэгтер:

Димаш Құдайберген қайырымдылық Бетпердедегі адам человек в маске