«Мұғалімдерді жұмсау тоқтайды» — Асхат Аймағамбетов бастаманы қолдап, мән-жайды түсіндірді

15 тамыз, 2025 / Теңіз Тамшыбаев
Суретте Асхат Аймағамбетов. Ашық дереккөзі

Тамыз конференциясында Президент мұғалім құқығын қорғау жайында нақты тапсырма берді. Асхат Аймағамбетов бастаманы қолдап, мән-жайды түсіндірді, деп хабарлайды Anyqtime.kz ақпараттық агенттігі Sportinside сайтына сілтеме жасап.

Бүгін «Білім келешегі: адал азамат, кәсіби маман» атты тамыз конференциясының пленарлық отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев педагог мәртебесін қорғауды тағы бір мәрте күн тәртібіне шығарды. Президент прокуратураға 2019 жылдан бері қолданыстағы, мұғалімдерді өздеріне тән емес жұмыстардан босататын заң талаптарын бұзу фактілерін дереу тоқтатуды тапсырды. Бұл – мектептен тыс «жалпымемлекеттік» шаруаларға заңсыз жегу сияқты қайталанатын әрекеттерге нүкте қою деген сөз.

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов осы мәселеге қатысты әлеуметтік желіде кеңінен пікір білдіріп, өңірлердегі өрескел мысалдарды атады. Оның айтуынша, жазда мұғалімдерді су айдындарының басында кезекшілікке қою, мектеп бітіру кештері өткен мейрамханаларда «тәртіп сақшысына» айналдыру, тіпті қалалық шыршаларды безендіруге жұмылдыру – «Педагог мәртебесі туралы» заңды ашық бұзу. «Әдеттегідей, Мемлекет басшысы педагогтардың қорғаны болды», – деп жазды ол.

Депутат әрі бұрынғы министр мектеп, ата-ана және педагог жауапкершілігін нақты ажырату қажеттігін ерекше атап өтті. Бірнеше жыл бұрын заңнамаға мектеп пен ата-ана арасында әр тараптың құқықтары мен міндеттері көрсетілетін шарт жасау нормасы енгізілгенімен, барлық білім беру ұйымдары бұл тетікті толық пайдаланып отырған жоқ. Соның салдарынан қандай да бір даулы жағдайда «кінәлі» болып көбіне мектеп шығады.

Аймағамбетовтің сөзіне қарағанда, жасөспірім сабақ уақыты мен мектеп аумағынан тыс жерде құқық бұзса, директорды немесе сынып жетекшісін қызметтен босату – биыл бірқатар өңірде болғанындай – әрі әділетсіз, әрі заңсыз. Осы олқылықты түзеу үшін депутаттар арнайы түзетулер әзірлеген: мектеп тек өз құзыретіне жататын мәселелерге ғана жауапты болуы тиіс, ал сабақтан тыс уақытта болған оқиғалар үшін жауапкершілік жүктелмеуі керек.

Президент Тоқаевтың бүгінгі тапсырмасы дәл осы әділет қағидатын нақтылап, құқық қолдану тәжірибесін ретке келтіруге бағытталған. «Педагог өзіне қатысы жоқ оқиғалар үшін жауап бермеуі керек» деген ұстаным – мұғалімнің кәсіби мотивациясын, беделін және жалпы ел дамуын сақтаудың кілті. Депутаттың айтуынша, бұл – тек құқықты қорғау емес, білім беру сапасына да тікелей әсер ететін жүйелі шара.

Аймағамбетов бұдан бөлек, өткен жылы Мәжіліс мұғалімдердің құқығын бұзғаны үшін жауапкершілікті күшейтетін өзгерістерді Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске ұсынғанын еске салды. Ол кезде бұл нормалар қорытындыда қолдау таппаған. Алайда Президенттің бүгінгі нақты тапсырмасынан кейін мұндай өзгерістердің қабылданатынына сенімді екенін жеткізді.

Депутат қорытынды сөзінде Мемлекет басшысы педагогтардың құқықтарын жүйелі түрде қорғап, білім саласын дамыту үшін қажетті жағдай жасап келе жатқанын айтты. Мектеп пен ата-ана арасындағы серіктестікті күшейту, заңдағы нормаларды қатаң сақтау және заңсыз тапсырмаларға тосқауыл қою – мұғалім еңбегіне құрметті нақты іспен дәлелдейтін қадамдар ретінде бағаланды.

Тэгтер:

Қасым-Жомарт Тоқаев Асхат Аймағамбетов Тамыз конференциясы педагог мәртебесі мұғалімдердің құқықтары