Тоқаев педагогика студенттеріне қатысты қуанышты жаңалық айтты
Педагогика студенттерінің шәкіртақысы бес жылда екі есе өсіп, жаңа оқу жылынан 84 мың теңге болады, деп хабарлайды Anyqtime.kz ақпараттық агенттігі.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл жаңалықты мұғалімдердің республикалық Тамыз конференциясында мәлімдеп, жаңа буын педагогтерді сапалы даярлаудың маңызын ерекше атады. «Биыл білім беру саласына 13 мыңнан астам грант бөлінді. Педагог мамандығы бойынша оқып жатқан студенттердің шәкіртақысы бес жылда екі есе көбейді. Жаңа оқу жылынан бастап шәкіртақы 84 мың теңге болады», — деді Мемлекет басшысы. Оның айтуынша, осындай нақты шаралар жастардың ұстаз болуға ынтасын арттырды: былтыр шамамен 1800 «Алтын белгі» иегері педагогиканы таңдаса, биыл 2 мыңнан астам үздік түлек осы мамандыққа құжат тапсырған. Бұл — барлық «Алтын белгі» иегерлерінің шамамен 23 пайызы.
Тоқаевтың сөзінше, мұғалімнің білігін және мәртебесін көтеру, білім сапасын арттыру бағытында жүйелі іс-шаралар жүзеге асуда. Ол биыл қазақстандық оқушылардың әлемдегі ең беделді жеті олимпиадада 27 медаль иеленіп, түрлі халықаралық жарыстарда мыңға жуық жүлде алғанын атап өтті. «Бұл — шәкірттердің сапалы білімі мен еңбегінің, сондай-ақ мұғалімдердің қажырлы жұмысының нәтижесі», — деді Президент.
Айта кетсек, жуырда Мемлекет басшысы үздік оқушылардың бір тобын Ақордада қабылдап, марапаттады. Тоқаев оларды «қазақ халқын зияткер ұлт ретінде халықаралық деңгейде танытып жүрген дарын иелері» деп бағалап, білімге құштарлықты қолдайтынын жеткізді.