Қайғылы оқиға! Ақтөбе облысында жантүршігерлік жол апатынан 4 адам қаза тапты

15 тамыз, 2025 / Теңіз Тамшыбаев
Ашық дереккөзі

Ақтөбе облысында Toyota Alphard пен Volvo бетпе-бет соқтығысып, төрт адам қаза тауып, үшеуі жараланды. Оқиға 15 тамызда Әйтеке би ауданында тіркелді, деп хабарлайды Anyqtime.kz ақпараттық агенттігі Alash.kz сайтына сілтеме жасап.

15 тамыз күні сағат 14:00 шамасында Белькопа ауылы маңында Toyota Alphard жеңіл көлігі мен Volvo жүк көлігі қарсы бағытта соқтығысқан. Алдын ала дерекке сай, салдарынан оқиға орнында төрт адам көз жұмып, тағы үш азамат түрлі жарақат алған.

«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы бұл учаскеде шұңқырларды жөндеу жұмыстары жүріп жатқанын мәлімдеді. Компанияның айтуынша, жолдың асфальтобетон жабындысы тексерілген, көрініс аймағы ашық, жол бөлігі түзу. «Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін тиісті белгілер орнатылған, жылдамдық 40 км/сағ дейін шектелген», — деп хабарлады ведомство.

Ұлттық компания жүргізушілерге жылдамдық режимін қатаң сақтау, рөлде барынша мұқият болу және жол қозғалысы ережелерін бұлжытпай орындау қажеттігін еске салды.

Апаттың нақты себебі тергеу барысында анықталады. Полиция қажетті сараптамаларды тағайындап, оқиғаның мән-жайын зерттеуде.

Тэгтер:

жол апаты Ақтөбе облысы Toyota Alphard ҚазАвтоЖол Volvo