«Ақсуат мектебіне Оразалин, Екпін ауылына Қожакелді батыр есімі лайық» — Мейрам Оралов
Фото: К. Нұрбаев Мектебі, Ақсуат

«Ақсуат мектебіне Оразалин, Екпін ауылына Қожакелді батыр есімі лайық» — Мейрам Оралов

Ақсуатта мектеп пен ауыл атауына қатысты пікірталас туындады: мектепке Қабдрахман Оразалин, ал Екпінге Қожакелді батыр есімі лайық деген уәж айтылды, деп хабарлайды Anyqtime.kz ақпарат агенттігі.

Жиырма жыл бұрын аудандағы байырғы білім ұяларының бірі — Ақсуат орта мектебіне мемлекет қайраткері Кәрім Нұрбаевтың есімін беру ұсынысы талқыланған еді. Алайда көпшілік бұған бірден келіспей, осы мектепте қырық жылдан аса еңбек етіп, ауданда алғаш болып Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген мұғалімі атанған ұлағатты ұстаз Қабдрахман Оразалиннің есімін беруді құп көрді. Айтылған уәж де орынды болатын: Оразалин аты осы білім ордасының тарихымен етене сабақтас.

Сол жолғы пікірталаста нақты шешімге ауданның Құрметті азаматы, осы жолдардың авторының нағашысы Малдыбай Рахымановтың сөзі әсер етті. Ол қарсы тарапты сабырға шақырып, Қабдрахман Оразалиннің есімі сол кезде «орыс мектебі» аталып кеткен орта мектепке беріледі деп сендірген.

Бірақ уақыт өте жағдай басқаша өрбіді: аталған орыс мектебіне Қабдрахман Оразалиннің емес, Қожакелді батырдың есімі берілді. Қожакелді — ел құрметіне бөленген, ұранға айналған тарихи тұлға екені даусыз. Дегенмен оның ғұмыры мен ерлік жолының білім саласына тікелей қатысы жоқ.

Ой елегінен өткізіп қарасақ, екі атаудың «орын ауыстырғаны» аңғарылады. Тоқабай руынан шыққан Қожакелдідей батырдың есімін мектепке беру аздық ететіндей. Батыр аты ауылға берілсе әлдеқайда жарасымды болар еді. Ақсуаттың іргесіндегі Екпін ауылы — негізінен тоқабайлардың қонысы. Ендеше дәл осы ауылға Қожакелді батырдың есімін беру — тарихи әділеттілікке сай келмек. Ал Ақсуат орта мектебіне осы қасиетті шаңырақта қырық жыл тер төгіп, сан шәкіртке білім нұрын сыйлаған Қабдрахман Оразалиннің есімі лайық.

Айтпағымыз — «ауысып кеткен» екі атауды орнына қою туралы ұсыныс қана. Соңғы сөзді, әрине, «құдайдан бір жас кіші» халықтың өзі айтады.

Автор Мейрам Оралов
Semeytany.kz сайтынан алынды.