Трамп Путинмен кездескен соң Зеленскийге кеңес берді
АҚШ президенті Дональд Трамп Владимир Путинмен кездесуден кейін Украина басшысы Владимир Зеленскийге қақтығысты тоқтату үшін Мәскеумен келісімге келуді ұсынды. Ол бұл соғыстың Украина үшін тым ауыр зардап әкеліп жатқанын айтты, деп хабарлайды Anyqtime.kz ақпараттық агенттігі Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.
Трамп Fox News-қа берген сұхбатында «мәміле әзір дайын емесін» айтып, бастаманың жүзеге асуы алдымен Киевтің ұстанымына байланысты екенін мәлімдеді. «Біз көптеген тармақ бойынша келістік... Енді мәмілені соңына дейін жеткізу — Зеленскийге байланысты. Еуропа елдері де аздап атсалысуы керек, бірақ бәрі Зеленскийге байланысты... Украина келісуі тиіс. Мүмкін, олар “жоқ” дер», — деді ол. Саясаткер «Келісімге келіңіздер. Ресей — өте үлкен мемлекет. Ал Украина — ондай емес» деп те қосты.
Оның айтуынша, Украинадағы жағдайды реттеу жөніндегі кез келген келісімге қол жеткізу мүмкіндігі енді президент Зеленский мен еуропалық мемлекеттердің позициясына тәуелді. «Мен мұны жүзеге асыра аламыз ба, соны көргім келеді. Келісім әзірге дайын емес. Ал Украина бұған келісуі керек», — деді Трамп. Ол сондай-ақ өзінің, Путиннің және Зеленскийдің қатысуымен өтетін ықтимал кездесуге дайындық жүріп жатқанын айтып, «Зеленский де, Путин де менің олардың кездесуіне қатысқанымды қалайды. Мен барамын», — деп мәлім етті.
АҚШ президенті Путинмен жүздесуді «өте жақсы» деп сипаттады, бірақ қандай мәселелер бойынша ортақ ұстанымға келгенін көпшілік алдында нақтылау дұрыс болмайтынын айтты: «Мен мұны көпшілік алдында айтпағанды жөн көремін. Дегенмен біреу мұны бәрібір жария түрде мәлімдер, ал олар өздері-ақ түсінісіп алады», — деді Трамп.
Бұған дейін Аляскадағы Біріккен әскери базада өткен Трамп пен Путиннің келіссөзі шамамен екі сағаттан аса созылып, «үшке үш» форматында өткені хабарланған. Кездесу қорытындысында тараптар журналистерге мәлімдеме жасап, «көптеген тармақтар бойынша түсіністікке келгенімен», әзірге мәміле жасалмағанын жеткізді. Украинаға атысты тоқтату туралы нақты шешім қабылданбағаны да айтылды.