«Бір омырауым күйіп қалды»: «Мисс Қазақстан» байқауының қатысушысы құпиясын айтты

16 тамыз, 2025 / Теңіз Тамшыбаев
Фото: instagram.com/dalida.naukenova

«Мисс Қазақстан» қатысушысы, әнші Далида Нәукенова бала күнгі ауыр күйік оқиғасын және оның денсаулығына әсерін ашық айтты, деп хабарлайды Anyqtime.kz ақпараттық агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме жасап.

Павлодарда туған өнер иесі 6 жасында ыстық сорпаға күйіп қалғанын еске алды. Оның айтуынша, қонақтағы асүйде газ плитасының үстіндегі қазан аударылып, қайнаған сорпа үстіне төгілген. «Қызғылт түсті киім кигенім есімде. Анам бірнеше рет қонақ бөлмеге шақырып, сақ болуымды ескерткен. Айтып үлгермей жағдай болды», — дейді ол. Жақындары алғашқы көмекті май жағумен жасаған, алайда кейін бұл тәсілдің дұрыс еместігі белгілі болған. Жедел жәрдем келгенше есінен танып қалған Далида екі апта комада жатып, денесінің 50 пайызы күйгенін айтады.

Ауыр жарақаттан кейін ұзақ ем қабылдаған. Дәрігерлер арқа терісінен тері алып, кеуде бөлігіне көшірген. «Күйік қатты болғаны сонша, сол жақ кеудем өспей қалды. Жасөспірім шақта бір жақ омырауымның жоқ екені білініп тұратын», — дейді ол. Мектеп кезінде қатарластарының «өртенген қыз» деп мазақтауы өз-өзіне сеніміне ауыр соққы болып тиіпті. Жаз айларында да қалың киініп, кең киіммен жүруге тырысқанын, тәніндегі изаларды жасыру үшін бүкірейіп кететін әдет шыққанын жасырмайды.

Өнер иесі жасөспірім кезеңнен бастап өзін «адам қатарына қоса алмай», тіпті тұрмысқа лайықсызбын деп ойлағанын айтады. «Тәнімнің ерекшелігін қабылдай алмадым. Көп жыл бойы айнаға қараудың өзі қиын болды», — дейді Далида. Алайда уақыт өте келе ол ішкі комплексін жеңіп, қоғамның әдеттегі қалыптарына сыймау қорқынышын еңсерген.

«35 жасымда ғана өз тәнімді толық қабылдадым. Сол кезде суға түсетін киіммен фотоларымды жариялай бастадым. Бұл — өзімді емдеу жолым болды», — дейді сұлулық байқауының қатысушысы. Оның сөзінше, жеке тарихын ашық айтуы өзіне ұқсас жағдайды бастан өткерген қыз-келіншектерге демеу болсын деген ниеттен туған.

Далида Нәукенова осының барлығын «Мамский әңгіме» подкастында баяндады. «Бала күнімде бәрі ауруханадан шықсам, бітеді деп ойладым. Негізі, одан кейін ғана басталды екен», — деп түйіндеді ол. Өнер иесі бүгінде сахнаға да, өмірге де жаңа көзқараспен қарап, дене ерекшелігін жасырмайтын таңдауы арқылы бодипозитивті ұстанымын көрсетіп келеді.

Тэгтер:

Далида Нәукенова Мисс Қазақстан Мамский әңгіме