Тоқаев ISSF және ASC басшыларын қабылдады
Қасым-Жомарт Тоқаев нысана көздеу спортының халықаралық ұйымдары жетекшілерімен кездесіп, ынтымақтастық пен инфрақұрылымды жаңартуды талқылады, деп хабарлайды Anyqtime.kz ақпараттық агенттігі.
Мемлекет басшысы Халықаралық нысана көздеу федерациясының (ISSF) президенті Лучано Россимен және Нысана көздеуден Азия конфедерациясының (ASC) президенті шейх Салман Сабах әл-Салем ас-Сабахпен келіссөздер өткізді. Президент халықаралық федерациялардың миссиясына және бұл спорт түрін танымал етуге қосқан ұйым жетекшілерінің жеке үлесіне жоғары баға берді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан нысана көздеу бағыттарын дамытуға бұрыннан ерекше көңіл бөлетінін атап өтті. Ол алдағы уақытта нысана көздеу және стенд атуды ілгерілетуге дайын екенін айтып, шетелдік серіктестермен ықпалдастықты кеңейту үшін қажетті шаралар қабылданатынын жеткізді.
ISSF пен ASC жетекшілері Қазақстанның бұл спортқа айрықша назар аударып отырғанына ризашылық білдірді. Әңгімелесу барысында еліміздегі нысана көздеу кешендерінің материалдық-техникалық базасын жаңғырту, спортшыларды даярлаудың заманауи әдістемесін енгізу мәселелері нақтыланды. Сондай-ақ жастармен, балалар және жасөспірімдер спорт клубтарымен жұмыс бағдарламаларын кеңейту жайы қаралды.
Тараптар өзара келісімдерді жүйелі іске асыруға бейіл екендерін айтып, ортақ жобаларды дамытуға ниет танытты.