Трамп Путинмен Украина мәселесі бойынша келісімге келе алмағанын айтты
Дональд Трамп Путинмен Украина жөнінде түпкілікті мәміле жасалмағанын айтты, бірақ әңгіме өнімді өткенін жеткізді, деп хабарлайды Anyqtime.kz ақпараттық агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме жасап.
АҚШ президенті Дональд Трамп Ресей басшысы Владимир Путинмен кездесу қорытындысы бойынша келісімге әлі қол жеткізілмегенін мәлімдеді. Оның сөзінше, тараптар бірқатар мәселеде ортақ ұстаным тапқанымен, әлі шешімін күтетін маңызды тармақтар бар. «Біз көптеген мәселелер бойынша келісімге келдік. Алайда әлі толық шешілмеген маңызды бірнеше тармақ бар. Бірақ біз белгілі бір жолды еңсердік. Әзірге келісім жоқ», — деді Трамп. Соған қарамастан, ол кездесуді «өнімді» деп бағалап, «Бүгін біз үлкен жетістікке жеттік» деп түйіндеді.
Владимир Путин де келіссөздерді пайдалы әрі мазмұнды деп атады. Ол екі ел арасындағы қарым-қатынастың жақсара бастағанын айтып, «жаңа парақ ашуға» шақырды және келесі кездесуді Мәскеуде өткізуді ұсынды. Путин Трампқа Аляскаға шақырғаны үшін алғыс білдіріп, оның тарихи мұрасы АҚШ-пен байланыстарды қалпына келтіруге сеп болатынына үміт артатынын жеткізді.
Келіссөздер «үшке үш» форматында өтіп, шамамен үш сағатқа созылды. Ресей тарапынан сыртқы істер министрі Сергей Лавров пен президенттің көмекшісі Юрий Ушаков қатысты. АҚШ делегациясы құрамында мемлекеттік хатшы Марко Рубио мен арнайы өкіл Стив Уиткофф болды. Тар құрамдағы әңгіме Украинадағы қақтығысты бейбіт жолмен реттеу мүмкіндіктеріне арналды.
Украина президенті Владимир Зеленский саммитке қатысқан жоқ. Кездесуден кейін Трамп Зеленскиймен телефон арқылы сөйлескені хабарланды. Fox News деректеріне қарағанда, әңгімеге бірқатар еуропалық көшбасшылар да қосылған. Өз кезегінде Путин Украина мен Еуропа тарапынан келіссөздерге «ешқандай кедергі жасалмайды» деген үмітін білдірді.