Алматыда балабақшадағы бүлдіршінді тұншықтырып, ұрып-соққан тәрбиеші сотталды
Алматыдағы жеке балабақшада 20 жастағы тәрбиеші бүлдіршінді тұншықтырып, ұрып-соққаны үшін төрт жылға сотталды, деп хабарлайды Anyqtime.kz ақпараттық агенттігі.
Елді дүрліктірген оқиға алты ай бұрын болған. Жеке мекеменің жас қызметкері төрт жастағы баланы ұрып, аузын қолымен жауып, дем алуына мүмкіндік бермеген. Бүлдіршін босап шығуға тырысқанда, тәрбиеші оның аяғынан ұстап алған. Оқиға кезінде бөлмеде өзге қызметкерлер де болғанына қарамастан, ешқайсысы ара түспегені айтылды. Бұл жайт мекеменің бейнебақылау камерасына түсіп қалған.
Сот отырысында күдіктінің баланы «тыныштандыру» үшін осындай әрекетке барғаны белгілі болды. Үкім жарияланар күні ол баланың әкесінен кешірім сұрап, көзіне жас алды. «Бұл оқиға маған сабақ болды. Уәде беремін, енді мұндай жағдай қайталанбайды. Шынымен кешірім сұраймын. Мен қателесіппін. Баланы тыныштандыруға тырыстым. Балаға зиянымды тигізгім келмеді», — деді сотталушы.
Тергеу дерегіне сәйкес, ол медресені бітіргеннен кейін жекеменшік балабақшаға жұмысқа орналасқан. Сот үкімімен төрт жылға бас бостандығынан айырылып, алдағы он жыл бойы балалармен жұмыс істеуге тыйым салынды.
Зардап шеккен баланың әкесі Абылай Рахатов шешімді құп көретінін айтты: «Сот шешімімен келісемін. Өйткені, бұл тек менің балама қатысты емес. Бұл өзгенің баласына қол көтеретін барлық тәрбиешілерге сабақ болады. Менің ойымша, мектепке дейінгі мекемелерде сертификатталған педагогтар жұмыс істеуі керек. Олар күйзеліске қарсы тұру үшін психологиялық тестілеуден өтуі керек», — деді ол.
Айта кетейік, бұған дейін Алматыдағы балабақшалардың бірінде тәрбиешінің баланы тұншықтырып, ұрып-соққаны туралы хабарланған. Аталған жағдай мекеменің бейнебақылау камерасына толық жазылып, істің қозғалуына негіз болған еді.