«300-ден аса адам қаза тапты»: Толассыз жауын салдарынан су тасқыны болды
Фото: www.reuters.com

«300-ден аса адам қаза тапты»: Толассыз жауын салдарынан су тасқыны болды

Пәкістанның солтүстік-батысында екі күндік нөсер мен тасқын салдарынан 300-ден аса адам қаза тапты. Құтқару жұмыстары жалғасуда, деп хабарлайды Anyqtime.kz ақпараттық агенттігі Reuters сайтына сілтеме жасап.

Биліктің хабарлауынша, құтқару және жолдарды тазарту шаралары үздіксіз жүріп жатыр, резервтік қордан қосымша қаржы бөлінуде. Синоптиктер қатты жауын 21 тамызға дейін созылуы мүмкін екенін ескертті. Reuters муссонды биылғы маусымның ең апатты кезеңі деп сипаттады: сел, найзағай, көшкін және ғимараттардың құлауы талай адамның өмірін қиды. Хайбер-Пахтунхва провинциясының төтенше жағдайлар басқармасы 16 тамыз таңғы дерегі бойынша 307 адамның қаза тапқанын растады. Таулы және төбелі аймақтарда әлі де жоғалғандар бар.

Табиғи апат Пәкістанмен шектелмей, көршілес Үндістан мен Непалға да әсер етті. Ең көп зардап шеккен өңірлердің қатарында Исламабадтан шамамен үш жарым сағаттық жолда жатқан Бунер округі аталды. Мұнда 184 адам қаза тауып, инфрақұрылым, егістік және жеміс бақтарына елеулі шығын келді. Бунердің кейбір шалғай ауылдарында әйелдер мен балалар қалып қойғаны айтылады, іздеу барысында 93 адамның мәйіті табылған. Шангла ауданында нөсерден кейін ғимараттың шатыры опырылып, 34 адамның өмірі қиылды.

Провинцияның бас хатшысы Шахаб Али Шахтың мәлімдеуінше, жергілікті шенеуніктер апат орындарына жіберіліп, құтқару операцияларын үйлестіріп, залалды бағалап жатыр. Су тасқынынан зардап шеккендерге арналған медициналық пункттер ашылып, баспанасыз қалған отбасыларға ыстық тамақ таратыла бастады. Сондай-ақ жолдарды тазарту және уақытша өткелдер салу үшін ауыр техника жұмылдырылуда.

Сыртқы істер министрі Исхақ Дардың айтуынша, азаматтық және әскери бөлімшелер қоян-қолтық әрекет етіп, құтқару мен гуманитарлық көмекті қатар жүргізіп отыр. Премьер-министр шұғыл отырысты өзі басқарып, апат салдарын жою бойынша қосымша тапсырмалар берген. «Жақындарынан айырылған, зардап шеккен және үйлері мен күнкөріс көздерінен айырылған отбасыларға шын жүректен көңіл айтамыз», — деп жазды Дар әлеуметтік желідегі мәлімдемесінде.